Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылдық округінде ауыл жастары бас қосып, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жан Жәрдем Шәріповке тұрғын үй алып берді.
Тұрғындар саны 100-ден сәл ғана асатын шағын ғана Баянтөбе ауылында ерекше оқиға болды. Осы ауылдың тұрғыны, бұған дейін апатты үйде тұрып келген Жәрдем Шәріповтің отбасы іші-сырты жөндеуден өткен басқа пәтерге ие болды.
- Жәрдем ағайды бала күнімізден білеміз. Осы Баянтөбе ауылында өмір бойы тұрып келеді. Өзі қазір ауыр науқас, үш баласы бар. Ешбір етжақын туысы жоқ, көмекке шын мұқтаж адам еді. Балалығы осы аядай ғана Баянтөбе ауылында өткен жерлестер жиналып, биыл көктемде әлеуметтік желіде арнайы топ құрдық. Мақсатымыз – туған жерде бас қосып, игілікті шараларға мұрындық болу еді. Міне, көпшіліктің шешімі бойынша алдымен Жәрдем ағайға қол ұшын береміз деп шештік, - дейді Артур Орынғалиұлы.
Артур бүгінде Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. Жалпы бұл іске Алматыда, Атырауда, Орал қаласында, тағы басқа аймақтарда тұратын бұрынғы баянтөбеліктер бір кісідей жұмылыпты. Сөйтіп, аз уақыт ішінде 400 мың теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл ақшаға үй алынып, оған шағын жөндеу жұмыстары да жүргізілген.
Жәрдем ағайға жаңа баспанасын табыс ету шарасы шағын тойға айналып кетті. Алыс-жқыннан осы іске үлес қосқан жерлестермен бірге ауыл әкімі Ерлан темірғалиев, мектеп директоры, Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты Қанапия Таспай арнайы келді. Жаңа шаңырақта дастархан жайылып, аят оқылып, өмірден өткен ауыл азаматтарына дұға бағышталды. Айта кетерлігі, бұл жиынның да салмағын бастамашыл топ өздері көтеріп алыпты.
«Көп түкірсе көл» деген рас қой. Базаршолан ауыл әкімдігі мұқтаж жанның жаңа шаңырағына ауыз су құбырын тартып берді. Жастар енді қыстық отынын да жинап беруге уәде етіп отыр.