2011 жылдан кейін АҚШ тағы да ғарышқа екі пилоты бар ғарыш кемесін жіберді. Бұл – компанияның алғашқы тәжірибесі. Crew Dragon ғарыш кемесі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі сағат 01.22-де әуеге көтерілді.
Бұл Илон Масктың SpaceX компаниясын ғарыш саласындағы алғашқы коммерциялық компанияға айналдырып отыр. NASA астронавттары Даглас Херли мен Роберт Бенкен тізгіндеген Crew Dragon кемесі Флорида штатындағы Канаверал мысынан Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. 9 минуттан кейін Falcon-9 ракетасының алғашқы бөлігі Атлант мұхитындағы жүзбелі платформаға қонды. Негізгі жоспар бойынша, Crew Dragon экипажы Халықаралық ғарыш стансасына 19 сағаттан кейін жетеді.
Ғарыш кемесі 27 мамырда аттануы керек болатын. Дегенмен ауа райының қолайсыздығынан жоспарланған уақыттан 15 минут бұрын сапар кейінге шегерілді. NASA-ның алдын ала берген мәліметіне сәйкес, бұл сапардың негізгі миссиясы – орбитада ғарыш кемесінің жүйесін сынау. Даглас Херли мен Роберт Бенкен стансада шамамен 110 күнге жуық уақыт өткізбек. Жерге оралу уақыты нақты белгіленбеген. Миссия аяқталғаннан кейін Crew Dragon автоматты түрде екі астронавтпен Флорида жағалауына қайтып келеді.
Айтып өткеніміздей, бұл – компанияның алғашқы тәжірибесі. Бұған дейін 2019 жылы наурызда пилотсыз кеме аттанған болатын. Сонымен бірге SpaceX компаниясын аталған саладағы алғашқы коммерциялық ұйым ретінде танытып отыр. АҚШ халқын 9 жылдан кейін ғарышқа адамның аттануы емес, бұл салаға жеке компанияның араласуы мазалайтын сияқты. Саясаткерлер мен сарапшылар ғарыштың да коммерцияланғанын айтып, адамзат тарихындағы үлкен өзгеріс екенін жарыса хабарлауда. Ғарыш кемесінің аттануын АҚШ президенті Дональд Трамп та тікелей эфирде тамашалады деген хабар бар.
Компанияның жоспары іске асса, екі айдан кейін SpaceX базасында жұмыстар жанданбақ. Яғни Илон Маск кемелерді жүйелі түрде жіберіп отыруды жоспарлап отыр. Биылғы тамызға 4 астронавтты аттандыру жоспарланған. Олардың үшеуі АҚШ азаматы болса, біреуі – жапондық. Компания иесі Илон Маск аталған жаңалығымен мақтанатынын жасырмады.