АҚШ президенті Дональд Трамп G7 саммитінің маусымдағы отырысын қыркүйекке дейін шегергенін мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекет басшысы жиынға Ресей президентін де шақыратынын жеткізді.
«Менің ойымша, бұл жиында әлемдегі соңғы ахуалдарды талқылауға мүмкіндік болмайды. Қатысушылар тізімі ескірген. Яғни жақын арада кездесудің еш мәні жоқ», деді Трамп. АҚШ-қа биылғы отырыс үшін Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония мен Ұлыбритания делегациясы келуі керек. Дональд Трамп бұл тізімге Ресей, Оңтүстік Корея, Аустралия мен Үндістан президенттерін қосу керектігін айтты. Бұл Ресейдің 2014 жылы G8 саммитінен шығып қалғаннан кейін алғаш рет аталған форматтағы саяси маңызды жиынға қатысуы болмақ.
Өткен аптада мемлекет басшысы пандемияға қарамастан Ақ үйде немесе қала сыртындағы резиденциясы Camp David-те жиналыс өткізу қажеттілігі туралы айтқан болатын. Алайда Германия канцлері Ангела Меркель бұл шақыртудан бас тартып, пандемия мен оқшаулану себебінен келе алмайтынын айтты. Меркельдің баспасөз хатшысы «Канцлер жақын арада жиынға жеке өзі қатыса алмайды, яғни ол Вашинтонға бармайды» деп жауап берді. Жұма күні Британия премьер-министрі Борис Джонсон «Саммиттің маңыздылығын ескере отырып, жақын арада отырысқа жеке қатыса алатынын» хабарлады.
Естеріңізде болса, G7 саммитінің мүшелері Covid-19 вирусына қатысты орнаған карантин салдарынан маусымда видео-конференция арқылы байланысқа шығып, әлемдегі соңғы ахуалдарды талқылайтынын жоспарлап қойған болатын.