Бүгін 1 маусым – Балалар құқықтарын қорғау күніне орай Nur Otan партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қаладағы бірқатар аз қамтылған көп балалы отбасыға барып, мерекелерімен құттықтады. Бұл игі іс, ең алдымен, әл-Фараби ауданына қарасты 21 ш.а., 22 үй, 48 пәтерде тұратын көп балалы ана Гүлчехра Егембердиеваның отбасынан басталды.
Бірінші орынбасар бұл отбасыға азық-түлік жиынтығы, киім-кешек және сыйлықтар тапсыра отырып, мерекелерімен арнайы құттықтады.
– Балалар, мерекелеріңіз құтты болсын! Мен де дәл сіздердей көп балалы отбасында өмірге келгенмін. Үйде он жанбыз, соның тоғызыншысымын. Сол себепті ағаларымның киімін киіп өскенмін. Яғни, үлкен отбасының қызығы мен тәрбиелік мәні көп. Бұйырса, осылардың арасынан жақсы азаматтар, мықты мамандар шығады. Сіздерді төрге сүйрейді. Үлкен-үлкен үйлер салып береді, – деді Б.Мәделіұлы.
Ал БАҚ өкілдеріне пікір білдірген сәтте Б.Нарымбетов: «Мереке күнінде балаларды қуанышқа бөлеу – бізге үлкен абырой. Бұлай жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысқанымыз балалардың көңілінде болашаққа деген үлкен сенім ұялатуы мүмкін. Олардың көңілі тым нәзік. Сол себепті ел өздерімен бірге екенін сезінгенін қалаймын. Бұл орайда бізге демеушілік танытып жүрген нұротандық кәсіпкерлерге рақмет айтамын» деді ол.
Осы ретте алғысын жаудырған анаға бірінші орынбасар: Nur Otan партиясының ұстанымы – осы, мұқтаж жандардың мұңын тыңдап, оларға көмек қолын созу. Дәл бүгін перзенттеріңіз бізбен суретке түсіп жатса, ертең сіздің балаларыңызбен суретке түсуге құмар жандар көбейсін. Бірі – әкім, бірі чемпион болсын! Бастысы, елге еңбегі сіңсін» деп жауап қайтарды.
Өз кезегінде көп балалы ана мерекемен құттықтап келген нұротандықтар мен БАҚ өкілдерін сүйінші хабармен қуантты. Гүлчехра Егембердиева оныншы перзентіне аяғы ауыр екен.
– Nur Otan партиясы еш көмегін аяған емес. Мереке сайын елеп тұрады. Өткен жолы «Біз біргеміз» акциясымен 50 мың теңге берді. Атаулы әлеуметтік көмек және көп балалы ана ретінде жәрдемақы аламыз. Мемлекеттің осылай қолғабыс білдіруі арқасында алты ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Екеуі – студент, екеуі кішкентай, бесеуі мектепте оқиды. Осы орайда бүлдіршіндерді бүгінгі мерекелерімен құттықтап, әр бала мейірімге және бақытты болуға лайық екенін айтқым келеді, – деді аяулы ана.
Аталған отбасы пәтер жалдап тұрады. Көп балалы ана ретінде тіркелген үй кезегі (585) жақындап қалған. «Бұйырса, биыл баспаналы боламыз!» деп үміттеніп отыр. Ал жолдасы жайлы айтсақ, жұмыс істейді. Табысы – 60 мың теңге. Өзі бала тәрбиесінде.
Айта кетейік, бүгінгі көмек барысында қаламызда аз қамтылған отбасылардағы 150 балаға киім берілді. Жалпы, қалада аз қамтылған 17 593 отбасы, ал көп балалы 50 500 отбасы бар.