Батыс Қазақстан облысында өткен сенбі мен жексенбі күндері коронавирус індетін 85 адам жұқтырған. Осылайша ауырғандардың жалпы саны 665 адамға жетті.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов журналистерге Орал қаласында коронавирустан қайтыс болған азамат туралы толығырақ айтып берді. Болатбек Амангелдіұлының айтуынша, науқас ауруы туралы дәрігерлерге дер кезінде хабарламай, асқындырып алған.
- Науқас 10 мамырдан бастап медицина қызметкерлерінің бақылауында үй карантинінде болды. Яғни күн сайын арнайы бекітілген емхана дәрігері оған хабарласып, жалпы жағдайын біліп, дене қызуын жазып отырды. 10 мамырдан бастап науқастың тамағы қышып, әлсіздік байқалған. Тәбеті төмендеген. Бірақ ол осы белгілерді дәрігерге айтпаған, медициналық көмекке жүгінбеген. Күн сайын қоңырау шалған медицина қызметкерлеріне жағдайын айтпаған. Осылайша 10 күн уақыт жоғалтқан. Тек 19 мамыр күні жүріп-тұрғанда ауа жетпей ентігіп, төсектен тұра алмайтындай әлсіздік пайда болған кезде ғана жедел-жәрдем шақыртқан, - дейді дәрігер.
Бүгін Орал қаласына кірер жолдардағы блок-бекеттер алынды. Халықтың әрі-бері жүрісі көбейетіні анық. Сондықтан мамандар сақтық шараларын сақтап, жеке медициналық қорғаныш құралдарын тастамай жүруге шақыруда.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында үш адам ауыр жағдайда өкпені жасанды желдету аппаратына жалғанған. Бұл науқастың бірі – 79 жаста, бірі – 68-де, ал енді бірі жас бала екен.
Жалпы өңір бойынша инфекциялық стационарға 665 пациент келіп түскен, оның 30-ы – балалар.
- Бүгінгі мәлімет бойынша стационарлық емделуде – 300 пациент жатыр. Оның ішінде 12 бала бар. Науқастардың 135-і – коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған. 104 науқаста ауру жеңіл өтуде. 57 науқастың жағдайы орташа, ал төртеуінің жағдайы ауыр, - дейді Болатбек Каюпов.
Батыс Қазақстан