• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Маусым, 2020

СҚО-да 11 блокбекет өз жұмысын тоқтатты

258 рет
көрсетілді

1 маусымнан бастап Қазақстанның барлық аймағында қалалар арасындағы автокөліктердің қатынауын шектеген блокбекеттер өз жұмысын тоқтатты.

Солтүстік Қазақстанда облыс аумағы бойынша 250 полицей, медицина қызметкерлері мен ветеринария қызметі мамандары кезекшілік атқарған 14 бекет жұмыс істеді. Үздіксіз жұмыс істеген екі айдан соң 11 блокбекет салтанатты түрде жұмысын тоқтатты. Ал Ресеймен шекаралас аумақтардағы – Мамлют, Уәлиханов және М. Жұмабаев аудандарында орналасқан үш блокбекет өз жұмысын әлі де жалғастырады.

Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев бекеттерге барып, қиын күндері қызмет атқарған жандарға адал және жауапты қызметтері, төзімділік пен қайсарлықтары үшін алғысын білдірді. «Бүгін сіздер өз отбасыларыңызға барып, ата-аналарыңызбен, жұбайларыңызбен, бала-шағаларыңызбен қауыша аласыздар. Үнемі қолдап, түсіністік танытқан туған-туысқандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті, азаматтардың денсаулықтары мен қауіпсіздігін бірлесе абыроймен қамтамасыз ететінімізге сенімдімін», - деді полицейлер мен медицина қызметкереріне Алғыс хат табыстаған полиция ведомствосының басшысы.

«Осынау қуанышты күнді біз асыға күттік. Бұл амалсыздықтан болған шара екендігін барлығымыз жақсы түсінеміз. Біз өз жұмысымызды жасадық және қойылған шектеулер жағдайды жақсартуға септігін тигізгеніне сенімдіміз. Әрине, тұрғындарға да алғыс айтамыз. Түрлі жағдайлар болды, негізінен адамдар жағдайды түсініп, бізге қолдау көрсетіп жатты», - дейді патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Асхат Бақытжанов. Үйінде оны жары мен үш кішкентай бүлдіршіні тағатсыздана күтті. Бүгін олардың мерекесіне ең үлкен сыйлық – әкелерінің үйге оралуы болары сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облысы