Өткен тарихқа көз жіберсек: 1911 жылғы бір құжатта Қазақстанда 5 млн 408 мың халық болды деп жазады. Оның 3 млн 639 мыңы қазақтар екен. Осы тұста Қытай мен Моңғолияда 100 мың қазақ өмір сүрген.
Тағы сол сияқты 1916 жылғы санақ бойынша қазіргі Қазақстан және Қырғызстанның бірқатар аймағында 3 994 500 қазақ, Орта Азияда (Самарқанд, Каспий сырты, Ферғана облыстарында) 235 500 қазақ, Астрахань губерниясында 353 700 қазақ, Орынбор, Самара, Томск, Тобыл, Енисейде 95 100 қазақ, Ресей империясының жерінде барлығы 4 678 800 қазақ өмір сүрген екен (Марат Мұқанов, «Қазақ жерінің тарихы» 1994 жыл, Атамұра-Қазақстан баспасы. 74 -бет).
Хош, сонымен қайтып тағы да тарихқа оралайық. Қала іргесінде орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражай кешеніндегі ресми мәліметтерге көз жіберсек: 1723-1728 жылдары болған атақты «Ақтабан шұбырынды» заманында 1,1 млн қазақ қырылған. 1830-1840 жылдардағы Кенесары Қасымұлы, Исатай-Махамбет бастаған патша өкіметіне қарсы көтеріліс кезінде қаншама адам қаза болды (Бұл туралы нақты мәлімет жоқ). 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде 275 мың қазақ жазықсыз оққа ұшқан. 1931-1932 жылғы ашаршылықта 2,3 млн қазақ аштан өлген. Ұлы Отан соғысына қатысқан 350 мың қандасымыз отбасына оралған жоқ. Соғыс жылдары тылдағы ауыр жағдайдан 150 мың адам көз жұмған. 1944-1948 жылдары «Соғыс тұтқыны» ретінде 50 мың қазақстандық қуғынға ұшыраған. Қазақ өңіріндегі полигонның салдарынан 23 мың адам зардап шегіпті. 1945-1991 жылдары аралығында Кеңес армиясының сапында болған 25 мың қазақ азаматы шаңырағына оралған жоқ. 1979-1989 жылдары Ауғанстанда әскери міндетін атқарған 1,5 мың қазақ азаматы тағы да отбасына оралмапты... Деректер осылай, дейді.
Осы зұлматтардың кесірінен біз өспей қалдық. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімов өзінің салыстырмалы демографиялық болжамында: «Егер жоғарыдағы қырғынды көрмегенде бүгін 40 миллион қазақ болар едік» деген болжам жасапты.