• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Маусым, 2020

Базарлардағы қауіпсіздік қатаң қадағаланады

426 рет
көрсетілді

Коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдайға орай Жамбыл облысындағы сауда орындары, базарлар өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Әсіресе облыс орталығы Тараз қаласындағы сауда нүктелеріне бақылау жұмыстары күшейтілді. Бұл ретте сауда орындарының әкімшілігінен бөлек, әрбір тұрғын қауіпсіздік шараларын сақтауға міндетті. Жуырда ғана Тараз қаласындағы жазғы қоғамдық тамақтану орындары, шаштараз, сұлулық салоны, кейбір сауда нүктелері сияқты бірқатар нысандарға жұмысын бастауға рұқсат берілген еді. Алайда, басты талап – карантин режимін қатаң сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін мейлінше қамтамасыз ету еді. Бірақ, бірқатар тексеру жұмыстарының нәтижесінде көптеген нысандарда қауіпсіздік ережелері сақталмаған.

Осы орайда, қаладағы Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасқан сауда орындарына рейд жұмыстары жүргізіліп, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген жағдайда карантин талаптары сақталмаған болып шықты. Карантин талаптарын сақтамаған азаматтарға қалалық әкімдік тарапынан хаттама толтырылып, заң аясында шара қолданылған. Сол сияқты, Тараздағы «Мыңбұлақ», «Диана», «Айрылмас», «Зарина» және «Гаухар» сауда орталықтарына да рейд жұмыстары жүргізілген еді. Мұнда да карантин талаптарын сақтамаған азаматтар анықталған. Яғни, сауда жасауда негізгі талаптар сақталмаған. Енді бүгінде өңірдегі блок-бекеттер алынып, бірқатар сауда нүктелеріне жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыстағы ең үлкен сауда нысаны болып саналатын Тараз қаласындағы «Ауыл – Береке» базарындағы жеміс-көкөністердің, құрылыс материалдары мен ауылшаруашылық өнімдерінің көтерме сауда секторы да жұмыс істеп тұр. Дегенмен, рұқсат берілген сауда нүктелерінде де карантин талаптары, жалпы қауіпсіздік мәселесі толық сақталмай отыр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған базар аумағында болып, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталған болатын. Осы уақытқа дейін әкім базар аумағын ретке келтіруді, сауда орындарын жақсартуды, ыңғайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударуды тапсырғанымен, күні бүгінге дейін бұл нұсқаулар толығымен орындалмаған. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев базарда жайлы сауда павильондарының жоқтығын, тіпті кейбір сатушылардың жерде сауда жасап отырғанын, оған қоса көлік құралдарының базардағы ретсіз қозғалысы өрт қаупін тудыратынын айтып, базар жұмысын сынға алған еді. «Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы да ойдағыдай емес. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде кимейді. Адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмайтынын көріп отырмыз. Нарық қызметкерлері азық-түлік емес сектордағы жұмысты қайта бастауды сұрауда. Алайда, базар әкімшілігі қажетті санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ете алмай отыр. Тиісті шаралар қабылдаңыздар, содан кейін ғана базарды толық ашу туралы айтуға болады», деген Бердібек Сапарбаев базар басшылығына біраз ескерту жасады.

Бұл тек «Ауыл – Береке» базарына ғана қатысты сын емес. Бұдан бөлек, Тараз қаласында «Орталық» және «Атакент» базарлары да жұмыс істейді. Алайда, бұлардың да көпшілігінде міндетті санитарлық, карантиндік және өртке қарсы талаптар орындалмаған. Егер өрт бола қалған жағдайда, оқиға орнына өртке қарсы қызмет техникасының жетуі де басты мәселе. Бұл орайда Жамбыл облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков базарлардың бірде-бірі арнайы бекітілген талаптарға сәйкес келмейтінін айтады. «Адамдар маскасыз жүр. Санитарлық тазалағыштар жоқ. Арақашықтық сақталмайды», дейді Берік Жарқынбеков.

Базар халық көп шоғырланатын орын болғандықтан, мұнда қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуы маңызды. Бүгінде өңірде блок-бекеттердің алынуы, кейбір нысандардың жұмысын бастауына рұқсат берілуі індеттің толығымен жойылғанын білдірмейді. Сондықтан да жергілікті халықтың қауіпсіздігі үшін каратитн талаптарының әсіресе базарларда толығымен сақталғаны дұрыс.

 

Жамбыл облысы