Атырау экономикасының жетекші саласының бірі – балық шаруашылығы. Қазір өңірде судан маржан сүзіп, балық өнімдерін ішкі нарыққа таратып, тіпті шетелдерге де экспорттап отырған 19 құрылым бар. Соның бірі – «Сaspian Royal Fish» ЖШС. Бұл серіктестіктің балық өсіру зауытында бағалы бекіре тұқымдас балықтар өсіріліп, қара уылдырық дайындалады.
– Он шақты жыл бұрын елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы іске қосылды. Өйткені үнемі шикізаттық ресурсты өндірумен ғана экономикаға серпін беру мүмкін емес. Сол тұста өңірдің балық шаруашылығы саласындағы бұрынғы ірі құрылым – «Атыраубалық» АҚ банкрот болды. Осындай себептер Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында балық зауытын ашуымызға себеп болды. Сөйтіп 2014 жылы Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылының аумағынан балық өсіру зауытын іске қостық. Зауыттың жалпы құны 5 млн 728 мың АҚШ долларын құрады, – дейді «Сaspian Royal Fish» ЖШС-ның бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.
Әрине, мұндай зауытты ашу да, балықты бассейнде өсіру де оңай емес. Өйткені балыққа табиғи су айдыны секілді қолайлы орта қажет. Ал елімізде балық өсіру зауытына қажетті технологияны табу тіптен қиын. Сондықтан серіктестік басшылары Финляндиядан нидерландтық технологияға негізделген қондырғыларды сатып алуға ұйғарым жасады. Оны орнатумен Hesy компаниясы айналысты. Бұл – әлемде осындай 25 зауытқа озық технологияны орнатқан голландиялық компания. Рас, серіктестік басшыларына өзге елдердің компанияларынан да ұсыныс жасалыпты. Бірақ жаңа істі қолға алған серіктестік таңдауы Hesy компаниясына түсті.
Қазір бұл зауытта бекіре тұқымдас бағалы су маржаны өсірілетін 26 бассейн, тұйық сумен қамтуға арналған төрт қондырғы бар. Бассейндердегі су бірнеше сүзгіден өтеді. Судың құрамы арнайы зертханада тексеріледі, температурасының әртүрлі болуы қадағаланады. Мәселен, 16-180С жылы су шабақ өсіруге қолданылады. Ал +20-220С су уылдырық беретін балықтар үшін қолайлы болып есептеледі. Сондай-ақ шабақтан өскен балықтардың тұйық су айдынына бой үйретуі үшін су температурасы +3-50С болуы керек. Мұндай суда балықтар екі айдай болады.
Бас балық өсіруші Ахат Ниматовтың айтуынша, білікті мамандарсыз осы заманғы озық технологиямен жұмыс істеу мүмкін емес. Сол себепті алдымен жергілікті мамандарды шетелдік технологияны жетік меңгеру үшін арнайы курстарда оқытып алды. Мұндағы мамандардың дені ихтиологтер. Олар Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алған. Бүгінгі таңда балық зауытында жергілікті 25 адам жұмыс істейді. Соның ішінде бес балық өсіруші, төрт машинист-оператор, бір лаборант бар.
– Басты мақсатымыз – тауарлы бекіре тұқымдас балық өсіру. Сол үшін зауыт ашылған жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелгенбіз. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығын әкеліп, зауыттағы бассейндерде өсірдік, – дейді Ахат Ниматов. – Алты жылдың ішінде бұл балықтардың салмағы 8-9 килограмға жетті. Жалпы зауытта 60 тонна бекіре тұқымдас балықтың төрт түрі өсірілуде. Олар – орыс бекіресі, сүйрік (стерляд) пен қортпа, сібір бекіресі. Арасында үш-бес жылдық балықтар да кездеседі.
Серіктестік ұжымы балыққа қажетті жемді Польшадан алдырып отыр. Себебі бассейндердегі тұйық суда өсірілетін балық үшін сапасы жоғары жем қажет. Рас, балық жемі Қазақстаннан да, көршілес Ресейден де табылады. Алайда сапасы Польшадан әкелінетін жемнен төмендеу болып тұр.
– Алдымен тауарлы бекіре тұқымдас балық өнімімен ішкі нарықты қамтуды көздедік. Өйткені мұндай өнімге отандық тұтынушылар тарапынан сұраныс көп, – дейді Ахат Ниматов. – Мәселен, былтыр ішкі нарыққа 12,5 тонна бекіре өнімін ұсындық. Сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтардың 520 кило қара уылдырығын шығардық.
Жыл сайын «Сaspian Royal Fish» ЖШС-ның көрсеткіші жақсарып келеді. Биыл ішкі нарықты 620 килограмм қара уылдырықпен қамтуды көздеп отыр. Өнім бағасына тоқталатын болсақ, сүйріктен алынған қара уылдырықтың бір килосы 250 мың теңге тұрады. Ал орыс бекіресінің қара уылдырығы –300 мың теңге. Бекіре тұқымдас балықтардың бір килосы 3000 теңгеден сатылады. Негізінен балықтардың аталық түрі сатылымға шығарылуда.
– Біздің мақсатымыз – болашақта жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балық етін, 1 тоннаға дейін тағамдық қара уылдырық дайындау. Жоспарымызда қара уылдырықтың жартысын экспортқа шығару бар. Сонымен қатар бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіріп, Жайық өзеніне жіберу мәселесімен айналысуды көздеп отырмыз. Өйткені өңірдегі су айдынын бағалы бекіре тұқымдас балықтардың қорымен толықтыруға үлес қосқымыз келеді. Бұл үшін бізде маман жеткілікті. Шабақтарды 3-10 грамға дейін өсіріп, өзенге жібере аламыз, – дейді Ахат Ниматов.
Бірақ бұл жоспарды іске асыру үшін Атыраудағы бекіре шабағын өсіру зауыттарының көмегі қажет. Өйткені серіктестік басшылары аталған зауыттардан бекіре тұқымдас балықтардың шабағын алуға ынталы болып отыр. Олардан шабақ алу үшін тиісті министрліктің рұқсаты керек екен.
– Осы мәселеге орай өз ұсынымызды бердік. Оң шешілетініне сенеміз, – деді «Сaspian Royal Fish» ЖШС-ның бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.
Атырау облысы