Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Енді бұл комиссия зұлмат жылдарында жазықсыз зардап шеккендерді барынша ақтауға күш салады.
Кезінде 90-жылдардың басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысқан арнайы комиссия болды. Оның қазіргі комиссиядан бір айырмашылығы, Парламентке қараған еді. Ал қазіргі комиссия тікелей атқарушы билікке қарайды. Бұрынғы комиссия біраз жұмыс атқарды, әрине. Бірақ сол тұста прокуратура мен сот кімнің атына қағаз болса, солар ақталады деген. Яғни қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасы немесе олардан тараған ұрпағы ақтау туралы арнайы өтініш жазуы керек. Алайда «Халық жауы» атанғандардың көбі атылып, отбасылары да қасірет көріп, біразынан ұрпақ та қалмаған. Қуғын-сүргін көрген қазақ зиялылары сотталып, жауапқа тартылса, олардың әйел, бала-шағасы лагерьлерге айдалды. Біз «НКВД» деп атап кеткен ішкі істер халық комиссариаты жазықсыз опат болғандардың отбасыларын да опа таптырмаған. Айталық, Тұрар Рысқұловтың басына күн туғанда оның үш қызын балалар үйіне өткізіп жіберген. Олардың кейінгі тағдыры үлкен трагедияға айналды.
Сонымен қатар кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбі бас сауғалап шекара асты. Олардың санын нақты айту қиын, 500 мыңға жуық деп айтылады. Солай елден кетуге мәжбүр болғандарды ұрпақтары бүгінде елге оралып жатыр. Ал олардан құқық қорғау органдары сияқты қызметке тұрарда ата-бабаларының қайда туып, қайда жасағаны туралы сұралады. Яғни жазықсыз жазаланғандардың ұрпағы әлі күнге дейін белгілі бір қолайсыздықтарға тап болады.
Менің «Қазақ тұтқыны» деген кітабым бар. Сонда басқа да мәліметтер қамтылды. Мысалы, соғыс кезінде тұтқынға түскендер, Түркістан легионында болғандар 1946-1947 жылдары 10-15 жылға сотталды. Содан оларды 1955 жылы түрмеден босатты, бірақ ақталған жоқ. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ақталды. Осы аралықтағы қаншама жылдар бойы ақталмаған олардың көптеген құқы шектелді: жұмысқа тұра алмады, шетелге шыға алмады, дауыс бере алмады, пәтер алмады. Тәуелсіздікті көре алмағандары ақталмастан бақилық болып кетті. Егемен ел болып, есімізді жиып, тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынды. Дегенмен бұл бағытта атқарылмаған әлі талай шаруа бар.
Енді қазіргі мемлекеттік комиссия прокуратура мен сотқа байланбай, архивтерді кеңінен ақтарып, сондағы деректердің негізінде ақтау жұмыстарына екпін беруі керек деп ойлаймын. Осы ретте облыстық, қалалық архивтерге қоса ішкі істер мен шекаралық архивтерді де қараған маңызды. Зұлмат жылдардың зардабын тапқандардың нақты санын анықтау қиын болар, бірақ 3-5 жылдың ішінде жалпы көлемін шамалауға болады. Бұл деген үлкен күш-жігер, уақыт, еңбекті қажет етеді. Сондықтан мемлекеттік комиссия мүшелеріне арнайы грант бөлінсе, дұрыс болар еді.
Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор