• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Маусым, 2020

Жүздік құрылымның сипаты қандай?

4677 рет
көрсетілді

Жақында танымал антрополог-академик Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының шығу тегі» атты еңбегі жарыққа шықты. Туындыда қазақ халқы осыдан қырық ғасыр бұрын Еуразия даласында дара этнос ретінде қалыптасқаны физикалық антропология арқылы дәлелденіпті. Кітаптағы елді елең еткізерлік оқиға – ұзақ жыл сарапталған морфофизиологиялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей қазақтың үш жүздік құрылымында ешқандай, рулық, туыстық үлес жоқ екен. Бар қазақ – бір қазақ екен.

Сонда дейміз... Қазақ  көсемсөзінің майталманы Марат Қабанбаев айтқандай,  еңсегей бойлы бір қазақтан үш мыртық қазақты өсіріп шығарған кім? Бұл қашан, қалай пайда болды? Ұлттың бай қазынасы, қазақтың генетикалық ақыл-есі – фольклоры мен ежелгі жыр-дастандары  түп қопарып, ақтарып көріңіз, жүзге бөліну жайлы бір ауыз сөз жоқ. Тіпті жоғарыдағы нақты ғылым морфологиялық, генетикалық деректердің өзі дәлел таппай отырғанда, қазіргі бүтін ұлтты шірітіп жүрген осы бір «жүз» деген дүние қайдан шыққан?

Осы орайда, гуманитарлық ғылымдар соның ішінде тарихшы-этнографтар, кемел ойлы жазушылар не айтады? Дені дұрыс оқымыстылардың бәрі дерлік бір ауыздан жүздік құрылымның түпкі мәні басқа екенін айтады. Мысалы, академик-жазушы Сәбит Мұқанов қазақтың үш жүздік құрылымына  қатысты түркітанушы оқымысты Н.Я.Бичуриннің еңбектеріне жүгіне отырып, мұндай құрылым біздің дәуіріміздің 635 жылдары болғанын, ата-бабаларымыз түркілер көрші қытайға кешенді шабуыл жасау үшін үш одақ, яғни үш жүздік әскери құрылымды пайдаланған десе,  тарих ғылымының докторы, этнограф Халел Арғынбаев, қазақ халқы үш жүзге XV-XVI ғасырда бөлінген және жүздік құрылымда –  тұқымдық-генетикалық сипат та, аталық негіз де жоқ, бұл байырғы көшпенділерге тән көнеден келе жатқан әскери құрылымнан шыққан дүние деп, жоғарыдағы Сәбеңнің пікірін толықтырыпты.

Тағы бір қазақ тарихшысы Сәбетқазы Ақатаев 1994 жылы жарық көрген  монографиясында: «Ертеде ғұндар мен скифтерде де осындай үш  құрылым болған. Яғни, «жүз» сөзінің шынайы мәні «жақ», «бөлік», «фланг» мәндес әскери жауынгерлік бөлініс. Жүзде генетикалық сипат жоқ. Оған дәлел: бір ата мен екінші атаның (рудың) есімдері үш жүздің құрамында мидай араласып жатуы» дейді.  

Осылай көшпенділердің ежелден жалғасып келе жатқан әскери-жауынгерлік тактикасы жүздік құрылымның ХV-ХVІІ ғасырлардағы тарихи-идеологиялық маңызы жайлы зерделі қаламгер Әбіш Кекілбаев 1992 жылы жазған «Әйтеке би» атты толғауында, байырғы жүздік құрылымның идеологиясын 1560-шы жылдары қайтадан жаңғыртып негіздеген  – Хақназар хан. Ол қазіргі біз айтып жүргендей бүтін ұлысты үш жүзге бөлген жоқ, үш тарап, үш ұлысты «үш жүз» деп жариялап  бастарын қосты. Яғни, жаңа одаққа ортақ мекен болып отырған жердің түп иесі бұрынғы Моғолстан халқын қадірлеп «Ұлы жүз» атандырды. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ Орда халқын «Орта жүз» атандырды. Ал, бұрынғы Алтын Орда құрамында болған халықты «Кіші жүз» атандырды. Бұл бөлінушілікті емес, ағайынгершілікті, жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді, дейді

Демек, жүздік құрылым өткен ғасырларда ұлыстың басын біріктіретін, сыртқы жаудан қауымдасып қорғанатын міндет атқарып отырған.  XIV-XV  ғасырларда осындай бірігудің арқасында Қазақ хандығы күшейіп, жүздікдер өздерінің байырғы қоныстарын қайтарып, Қазақ Ордасына қосып алды. Осындағы «жүздік бірлік» концепциясының арқасында қазіргі Атыраудан Алтайға, Тобылдан Қордайға дейінгі жеріміз сақталып қалды.

Кейін отарлаушылар жоғарыдағы жүздік құрылымды қазақты ыдыратқыш құрал ретінде пайдаланды. 1819-1821 жылдары Сібір генерал-губернаторлығын басқарған  М. Сперанский патша ағзамға жазған хатында: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш бар. Соны бір-біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды сексеуіл сияқты бір-біріне ұрып жарумыз керек»,- деуі («Мәдени мұра» журналы. № 2(59) // 2015 ж. 38-б) отарлаушылардың жоғары дайындықпен, қазақ қоғамының ішкі-сыртқы, астар-қыртыстарын әбден зерттеп, барып іске кіріскендігін аңғартса керек.

Сөйтіп, ұзақ ғасырлар бойы дала көшпенділерінің мемлекеттік ұстынына айналған жүздік құрылымның маңызы жойылып,  қазіргі таңда қазақ қоғамын ыдыратқыш індетке айналды. Саналы қазақ осы дерттен айығатын уақыт жетті. Күллі ғалам қауымдасып жатқанда, қытай мифологиясындағы үш басты айдаһардай үш жаққа қарап, ысқырып отырғанымыз жараспас.