Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ауыл-аймақтарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Аталған заң жобасы жөнінде Мәжіліс депутаты Майра Айсина баяндады.
– Бүгінгі таңда кең жолақты интернет желісімен 117 қала, халқының саны 250 адам және одан асатын 3324 ауыл қамтылған. Өкінішке қарай, 2 мыңдай ауылда мұндай мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты Мәжіліс пен Сенат депутаттары ұсынылып отырған заң жобасына бастамашылық жасады. Біріншіден, заң жобасында мобильді байланыс желілеріне арналған антенналық құрылысжайлар салуға жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделеді. Қазіргі уақытта операторлар базалық ұялы байланыс стансаларын салу үшін жалға алынған жер учаскесін міндетті түрде нысаналы мақсатынан өзгерту қажет. Соның нәтижесінде іс жүзінде телекоммуникация жабдығын салу 1,5-2 жылға дейін созылып кетеді, – деді депутат.
Жалпы заң жобасы байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға және байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін беруге бағытталған.