Өзге жақты қайдам, бұл өңірде ата-аналардан ақша жинау әлі де тиылған жоқ. Неге? Жиналған ақша қайда жұмсалады? «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен өткен онлайн-конференцияда мектеп директорлары мен ата-аналар комитетінің 92 мүшесі бұл мәселені кеңінен талқыға салды.
– Өткен жылы 1 мыңға жуық ата-ана мен мұғалімдер арасында анонимді сауалнама жүргіздік. Соның нәтижесінде мектептерде ақшаның 65%-ы ата-аналардың бастамасымен жиналатынын білдік. Ал, 35%-ы мұғалімдердің ұсынысымен жиналады екен. Жиналған ақшаның 30%-ы мұғалімдерге сыйлық алуға, 38%-ы мектептерге қажетті материалға, 32%-ы оқушыларға арналған түрлі мерекелік шараларды өткізуге жұмсалып келген. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 4 рет түсіндіру жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде ата-аналарға ақшасын қайтарып бердік. Тіпті биыл оқушылар қашықтан оқып жатса да, ата-аналардан ақша жинауға байланысты хабарлар түсті, -деді «Атырау –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлфия Әдиева.
Оның мәлім етуінше, былтыр ата-аналар 32 рет шағым айтыпты. Ал, биыл ата-аналар сондай 14 хабарламамен шектеліп отыр.
Ал, облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенованың айтуынша, ата-аналардың арасында ақша жинауға қатысты әңгіме де, наразылық та байқалады. Бірақ, соңғы үш жылда ата-аналар білім беру басқармасына бірде-бір рет шағым айтпапты.
– Мектеп түлектерінің кешін өткізуге тиым салынды. Соған орай мұғалімдер арнайы бұйрықпен танысқаны және оны орындауға міндетті екені туралы қол қойған, -деді Ақкенже Исанбергенова.