• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2020

Таразда қоғамдық көліктер қашаннан бастап жүреді?

1155 рет
көрсетілді

Коронавирус індетінің таралуына орай, Жамбыл облысының аумағында да қоғамдық көліктердің қызметі тоқтатылған болатын. Қалаішілік маршруттардың да жүруіне шектеу қойылды. Алайда, жуырда өңірдегі блок-бекеттер алынып, бірқатар нысанның қайта жұмыс істеуіне рұқсат берілген еді. Осы орайда, жергілікті әкімдікке тұрғындар тарапынан да қоғамдық көліктердің қай кезден бастап жүретіндігі туралы сауалдар жиі түсіп жатыр.

Бұл орайда, Жамбыл облысының әкімдігі жақын күндері Тараз қаласында қоғамдық көліктің қызметін қайта жандандыру жоспарлануда екенін мәлімдеді. Тиісті шешімді облыстық жедел штаб қабылдаған. Ол үшін тасымалдаушы компаниялар маршруттық автобустар мен парктерді Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіруі керек. Осыдан кейін ғана автопарктер өз қызметін қайта бастауға рұқсат ала алады.

Атап айтқанда, автобус салонына медициналық маска киген жолаушылар ғана кіре алады және жолаушылардың арақашықтығы кемінде бір метр болуы керек. Сондай-ақ, салонның толтырылуы 50 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар, автопарктер әкімшілігі персоналға жеке қорғану құралдарын пайдалану бойынша нұсқау беруді, дене қызуын өлшеу бойынша күнделікті медициналық тексеруді ұйымдастыруы қажет. Жіті респираторлық инфекция белгілері бар қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Сондай-ақ, маршруттың аяқталуы бойынша аялдау кезінде көлік құралдарының салондарын барынша желдету, дезинфекциялық сүлгілермен немесе ерітінділерімен терезе, есік тұтқаларын, орындықтарды және өзге де беттерді сүрту керек. Ауысым аяқталғаннан кейін қоғамдық көлік міндетті түрде дезинфекциялаудан өтуі тиіс. Ал, аялдама кешендерін, автопарктерді өңдеу күніне кемінде бір рет жүргізілуі тиіс. Арнайы мониторингтік топтар осы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайды. Егер аталған талаптар орындалған жағдайда қоғамдық көліктер жуырда өз жұмысын бастайды.

 

Жамбыл облысы