Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық –эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қадағалау бойынша мониторингтік топ күнделікті жұмыс жүргізіп отыр.
Мониторингтік топ бұл жолы Бостандық ауданының аумағындағы 17 кәсіпкерлік субъектісін тексерді.
Олардың арасында: «Мимино», «Del papa», «Party Pizza», «Хачапури и Вино», «Суши Рай», «Хачапури» мейрамханалары; «Марокко», «МаМи» сұлулық салондары; «Раушан», «Шағынмаркет», «Мөлдір», «Магнит» азық-түлік дүкендері; «Тирамису» кондитерлік дүкені; «Аквастарс» спорттық-сауықтыру бассейні; Mon Amie СҮ; Kaspi банк бөлімшесі; «Еврофарма» дәріханасы бар.
Тексеру барысында екі нысаннан – «Раушан» азық-түлік дүкені мен «Мимино» мейрамханасынан маска тағу режимінің орындалмауы, тепловизорлардың жоқтығы мен әлеуметтік қашықтықтың сақталмауына қатысты тәртіп бұзушылықтар анықталды. Соған байланысты тиісті түсіндірмелер мен кеңестер берілді. Мониторингтік топтар жұмысын бастағалы қалада барлығы 2 167 нысан тексерілді, олардың 125-де Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында бекітілген талаптардың бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты, 69 нысанның (оның ішінде 56-сы нысан басшылығының шешімімен) жұмысы тоқтатылып, нысандарда өрескел тәртіп бұзушылыққа қатысты 72 әкімшілік хаттама толтырылған.
Мониторингтік топтың құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық бөлімдерінің, кәсіпкерлікті дамыту қызметкерлері, полиция қызметкерлері, сонымен бірге, БАҚ өкілдері енген.