• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Таным 04 Маусым, 2020

Абай Қасымов шетелдегі қазақтарға қандай саяси әрекет жүргізді?

764 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр басында патшалық Ресей империясы құлап, қоғамды идеологиялық тұрғыдан тап пен жікке бөліп басқаратын жаңа бағыт – социалистік жүйе пайда болды. Бұл жүйе ғаламға өз ықпалын күшейту үшін 1919 жылы «Коминтерн» атты ұйым құрды. Келесі жылы аталған ұйымның Шығыс және Қиыр Шығыс халық­тарына революциялық жұмыс жүр­гізетін секциясы ашылады. Шығыс секциясының тапсырма­сымен қазақ қайраткері Тұрар Рысқұлов 1924 жылдың қазан айынын бастап, 1925 жылдың шілдесіне дейін Моңғолияда қызмет атқарып, осы елдің жаңа кон­сти­туциясын жазып беріп оны қабыл­датумен қатар, ел астанасының атын Ұлан-батыр деп өзгертті.

Бұл үрдіс осымен тоқтап қал­ған жоқ. Қызылдар Моңғолияның батыс шебінде өмір сүріп жатқан аз ғана қазақтарды да ұмыт қал­дыр­май, оларды жаңа мизамға ба­ғыттайтын коминтерн өкілін жі­берді. Мәскеудің тікелей тапсырмасымен қиыр­­дағы Қобда қазақ­тарын (Моңғолия) ағартуға келген адамның аты – Абай Қа­сы­мов. Бұл кісі 1930-1938 жылдары әуелі Моңғолияда, кейін Шың­жаң өл­­ке­сінде саяси қызмет ат­қарып, тап жауларымен күресте қа­тыгездігімен, ком­мунизм идеясы­ үшін адалдығымен танылған тұлға болды.

 Коминтернге бастаған соқпақ

Абай Қасымов – 1896 жылы Қорғас өңіріндегі «Ласты» бұ­ла­ғын­да туған. Әкесі Қасым өңірге аты мәлім атақты бай Үсейін Мұса­баевпен бірге 1887 жылы қажыға барған және бір басына жетерлік дәулеті бар ауқатты адам екен. Қасым қажының Әбдіуақит, Әб­ді­қадыр, Абай (Әбдімұхамед), Ермұ­хамед, Нұрмұхамед, Шай­мұхамед ат­ты алты ұлы, 10 қызы бо­лыпты. Осын­дағы Шай­мұ­ха­медтен Ра­шида, Шақида деген екі қыз туады. Ра­шидасы шыңжандық өлкетанушы-ше­жі­реші Қа­лиол­да Нұртазаның әйелі болса, Шақида елімізге танымал педагог Жалау Сұраншиевтің жары.

Абайдың алғашқы әйелі Зей­неп­ дей­тін адам екен. Бұл әйел­мен­ ұзақ отаса алмаған. Бұлғақ бас­талған 1918 жылы өзі­нің апайы­нан туған жиен қарындасы Ша­ра­­патты ырқына көндіріп, алып қашып кетеді. Жездесі уақ Са­қан қажы балдызы мен қы­зының бейәдеп қылығына күйі­ніп, олар барып паналаған Жаркентке іздеп келеді. Азулы жез­десі ал­ғашында сыр біл­дірмей екі жас­тың ыңғайына көнген сыңай танытып, алдап-сулап ауылына әке­леді. Сол жерде ағайын-туған жиналып Абайдың басына әңгір-таяқ ойнатады. Қыс­қасы, «ші­ріген жұмыртқаның» көзіне түр­теді. Әсіресе жұртқа сөзі өтімді ел аға­сы Ордахан би «ұрпағын дұрыс тәрбиелей ал­маған» Абайдың туыстарына жаза ре­тін­де ауыр салық салады. Абай болса қа­шан­­ғы әде­тіне басып, бір түнде жоқ болады. Әйелі Қытай жақта қалып қояды. Жар­кентке қашып келіп, тиіп-қашып жұмыс істеп жүрген Абай кеңестік қы­зыл идеологтардың көзіне түседі. Бұ­рын Іледе медресе бітірген оны бірден Мәскеуге аттандырады.

­Абай Қасымов Мәскеуде Шығыс еңбек­шілеріне арналған Коммунистік универ­ситетінде бі­лім алады. Осында ол 1958-1968 жылдары Қытай Халық Рес­публика­сы­ның төрағасы болған, сонымен қатар Қытайдың де-юре мемлекет басшысы қызме­тін атқарған Лю Шау Шимен (Лю Шаоки) бірге оқыған. 1924 жылы оқуын аяқ­тап, Алматыға келіп қалалық құрылыс бас­қармасының кадр бөліміне басшылық жа­са­ғаны жайлы дерек бар. Осы жыл­дар­дың бірінде тегі семейлік ару Тәшинке Мір­қасымқызына үйленеді. Сөйтіп, 1930 жыл­дың басын­да Коминтерннің тапсырмасы­мен­ Моңғолия қазақтарын ағартуға аттанады.

Қасымовтың Қобда бетіндегі қызметі

Бұл жылдары қазіргі Бай-өлке аймағы орнамаған, қазақтар­дың әкімшілік ор­та­лығы Қобда қаласына қарасты ау­малы-төкпелі заман-тын. Кеңес Ода­ғы­ қал­тыл­даған қайықтай социализм жолына беттеп келе жатқан Моңғолиядан айы­рылып қалмас үшін барлық саяси-эконо­ми­ка­лық­ мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан тұс. Елдің батыс өңіріне жаңа мизам әлі жете қоймағандықтан ондағы қазақтар Шың­жаң­ға қарай үркіп кетуге әзір тұрған болатын.

Бай-өлкелік қаламгер Махфуз Құлы­бекұлы 1970 жылы Өлгей қаласында жа­рық көрген «Қызылқайың хикаясы» ат­ты ес­телігінде: «1930 жыл­дың көк­те­мін­­де Ақбалшықта отырған елді жинап Әлім­бек би толықша келген орта бойлы, қырма сақал, бурыл мұрт кісіні Қасымұлы Абай, ұзын бойлы, қыр мұрынды, сида қараторыны Өтепұлы Шәріп деп таныс­тарды» де­се, Қобда қазақтары арасында Абай­мен бірге қызмет атқарған КИМ (Ком­мунистический интернационал моло­дёжи) өкілі Шәріп Ғайсаұлы өзінің өмір­баяндық хикаятында: «Қазақ ауылдары­на көмектесу жөніндегі барлық шараларды жұ­байым Дилнұз Өтепова мен досым Абай Қасымов үшеуміз бір­лесіп жүргіздік. Абай Қасымов Моңғолияға 1930 жылы бізден сәл кейінірек келді. Бұл кісі Моңғол үкіметінің сұрауы бойын­ша коминтерннің жолдамасы­мен келген болатын. Түп тегі Шыңжан провинциясынан шық­қан ол ­жиырмасыншы жылдары КСРО азаматтығын алып, Шығыс еңбекшілеріне арналған Ком­мунистік университеті бітір­ген. Жасы бізден ересек сол кез­дің өзінде қырықтар шамасында болатын. Әйелі Тәшинке Мір­қасымқызы комсомол мүшесі, қызыл отаудың активисі еді» деп жазыпты (Шәріп Өтепов. «Жа­лындаған жастығым – комсомолым», Алматы «Жалын», 1981 ж. 144-145 б).

Моңғолияға барған соң Абай­дың бі­тірген алғашқы шаруасы 1931 жылдың көк­темінде елдің батыс өлкесінде қоныстанған қазақ, ұранқай, дөрбет халықтары ара­сындағы жайылымдық жерге таласты ретке келтіріп бергені. Ол үшін Қобда қаласына барып, арнайы комиссия құрып, оған өзі бас болып ауылдардың жер пайдалану шекараларын белгілеп, оны мемлекеттік актімен бекітіп береді. Бұл істе жергілікті қа­зақтар үшін жіліктің майлы басы бұйырмаса да, бұрынғы жерлеріне иелік ету құқығы сақталған кө­рінеді. Өйткені күллі ғалам аузына қарап отырған коминтерн өкі­лінің үкіміне жергілікті билікте қарсы келер кім бар дейсіз.

Жалпылай алғанда, Қобда қазағы Абайдан жамандық көрген жоқ. Бай-өл­келік қаламгер Соян Қажыбайұлының ес­телігінде, Ақбалшыққа келген коминтерн өкілі Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов, олардың әйелдері Дилнұз, Тә­шинкелер қызыл отау құрып, жастардың басын қосып, оларды революция жолына түсіруге көп көмегі тиді, деп жазады.

Сол сияқты 1944-1950 жылдар ара­лығында Бай-өлке аймағын бас­қар­ған қайраткер тұлға Жеңіс­хан Дүзел­байұлының аузынан жазып алынған құжаттық деректе, ол кісі: – 1930 жылы қыр­күйек айында Абай мен Шәріп бір топ жігіттерді жиып алып: ««Сендер оқуларың керек, бі­лімсіз болмайды. Тіпті моңғол тілін де білмейсіңдер, сол үшін Ұлан-батырға барып оқыңдар. Біз келісіп қойдық» деді. Көбі оқу­дан бас тартты. Жайсанып, Мақабыл, Жүнісхан және мен бар «тәуекел» деп келістік. Бізге Шәріп, Шәкіртбай, Қызай Әбзәли төртеуі еретін болды. Жолай Тұлбадан Тоқтыбай ілесті. Жолға үш қонып, Қобда аймағына келдік. Ол арадан 10 моңғол жігіті қосылды. 20 кісі бір машинаға оты­рып Ұлан-батырға бет алдық» дейді.

Бұлар үлкен қалаға барғанымен оқу оқып жырғатпаған сыңайлы. Қысқасы, «моңғолдың тамағын жемейміз» деп қалада ежелден тұратын ұйғыр асханасын жағалап босып кеткен. Бұл жайсыз хабар құлағына жеткен Абай Қасымов Ұлан-батырға келіп мән-жайға қанығады. Дереу жас­тарды «Қазақстанға апарып оқыту керек» деген мәтінде ел бас­шысы Чойбалсынға хат жол­дайды. Бірақ үкімет «бұлар Қазақстанға емес, Мәскеуге барып, қазақша оқысын» деген ше­шім қабылдайды.

Сөйтіп, бір топ қазақ Лосол деген бурят тілмаштың бұй­да­лауымен қолдарында Абай Қа­сы­мовтың жолхаты бар Мәскеуге аттанады. Екі ел шебіндегі кеден бекетіне дейін атпен келіп, осы арадан пойызға отырады. Бұларды Мәскеуде КУТВ-де мұғалім А.Қасымовтың ескі досы Қамитов кү­тіп алады. Ол кісі Қобданың қоңыр қо­йындай құ­лағы салпиған қазақтарды жа­тақ­ханаға орналастырады. Абай өзінің досы Қамитовқа жазған хатында: «Монғолияның баты­сында Қазақстан, Қытайдан барған аз қазақ тұрады. Бұлар өте надан, тұрмысы нашар. Оқу-бі­лім­ді білмейді. Сауатсыз ел, малдан басқа тіршілігі шамалы. Революция ісі, жаңа үкімет енді орнап жатыр. Болашақта ел бастайды-ау деген жігіттерді екшеп жібердік. Көмегіңді аяма!» деген екен.

Қазақтарды қарсы алған Қа­ми­тов оларды КУТВ директоры, қарт большевик Юдинге жолықтырады. Бұл оқиға жайлы Ж.Дүзелбайұлы: «Біздің қайсымызда да ұсқын жоқ еді. Сақал-мұрт өскен, елден киіп шыққан қазақы шапанда­рымыз жыртылған, жамау көн етігіміздің аузы ашылып, өкшесі түсіп шоқиған, қайыс белбеу буын­ған алабажақ едік» деп еске алады.

Жоғарыдағы үрдіс одан әрі жалғасып, 1931 жылдың күзін­де екінші толқын: Шолтай, Мәжім, Балжы, Қиысхан, Сейіт­хан, Жексенбі, Ахмет, Нығмет бастатқан 12 қазақ жігіті алдың­ғылардың ізімен Мәскеуге оқуға келеді. Бұл жерде қалай десек те Абай Қасымовтың еңбегі бар. Өйткені, КУТВ Коминтернге кадр даярлайтын бірден-бір орын еді.

 * * *

Абай Қасымовтың Қобда бе­тінде жү­ріп бітірген тағы бір іргелі ісі – Ал­тай бетінде тұ­ратын діндар-ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлымен кездесіп, оған Абай Құнанбайұлының 1922 жылы Таш­кентте шыққан кіта­бын сыйға тартқаны. Филология ғылымдарының докторы, про­­фессор марқұм Қабидаш Қа­лиас­қар­ұлы: «1932 жылы Қайырты деген жерде Бірсек деген адамның ауылында Абай мен Ақыт кездескен. Бұл жолығудың тарихи маңызы Ақыт қажы өзіне сыйға берілген А.Құнанбайұлының кітабын оқып, іле-шала оған еліктеп өзінің құнды ғақлияларын жазды» дейді. Ақыт атамыз да қарап қалмай Абай Қасымовқа ұзақ жыр арнаған.

 Шыңжаң өлкесіндегі арпалыс

Кеңес Одағы орнығып, етек-жеңін жинап алған соң тап жау­ларын жоюды қолға алды. И.В.Ста­линнің 1937 жы­лы: «Біз тап жау­ларының көзін жою­мен шек­телмейміз, олардың үрім-бұтақ, түп-тұқиянына дейін құртамыз» дегені бар (Леонид Млечин «КГБ. Пред­седатели органов госбезопасности. Рас­секречн­ные судьбы». Москва, 2005, с-152). Осы сөз қуғын-сүргіннің ұраны болған сияқты. Көсем айт­қан тап жаулары кімдер? Со­циолог Г.Батыгинның пайымдауынша, бұлар өз халықтарының тарихын, дәстүрлерін сақтау үшін күрес жүргізгендер. Осындағы сталиндік репрессия, яғни қудалау Кеңес Одағында бас­талып, бір демде көсемнің алқауындағы Шыңжаң өлкесі мен Моңғолияда қатар жүргізілуі тиіс болды. Сөй­тіп аталған істі тиянақты ат­қару үшін кеңестік мамандар «Шың­жаңға көмек» деген желеумен алдын ала жіберілді.

Айталық, Шыңжаң басшысы Шың Шысай 1935 жылы Сталинге өтініш жа­сап,­ келешекте жүргізілетін жазалау науқа­нын іске асыру үшін іріктелген кадрлар жіберуін сұрайды. Осы тілек бойынша 33 (4 қазақ, 4 ұйғыр, қалғандары орыс пен қытай) адам келіп, олар әр жерге лауазымды­ қызметке қойылады. Осындағы төрт қазақтың бірі Бақтияр – Қо­тан аймағына, Сансызбай – Тар­бағатайға, Сапар молда – Алтай аймағына, Абай Қасымов – Құмыл аймағы уәлиінің орын­­басарлығына тағайындалады. Ке­шік­пей жаңадан Баркөл аймағы құры­лып, оған А.Қасымов уәли (әкім) болады.

 Бұл оқиға туралы кейін Абай­дың хатшысы болған Жаң Жүн атты қытай: «1935 жылы қаңтар айының басында Дубан мекемесі іс басқармасының бастығы Шүй мырза мені шақырып: «Кеңес елінен Қасымов деген келді. Ол Баркөлде тұратын болды. Сен хатшысы боласың деді. Абай сұң­ғақ бойлы, шымыр денелі, қырық неше жастағы қара сұр кісі екен. Ақпан айының ортасын­да Абай тоқалы, үш қорғаушы және мен, жиыны 6 адам Кеңес Ода­ғында жасалған шекпен шатыр­лы көлікпен жолға шықтық» деп жазады.

Абай қызмет барысында Шың Шы­сайдың сенімді серігіне айналады. Оның қызмет атқаруына толықтай жағдай жасалып, арнайы хатшы, төте байланысқа шығатын көшпелі радиостанса және өлкені бақылауда ұстау үшін 17 адамнан құралған құпия қызмет тобын ұйымдастырады. Осы адамдар Абайдың нұсқауымен саясатқа қарсылық танытқан тұлғаларды құ­рықтап, Үрімжіге айдатып отыр­ған. Бір жолы ағайынды Қаб­долда, Зейнолла, Қайбар, Кәбен төртеуі қатар ұсталып, Кәбен ғана аман оралса, ке­шікпей Қасым батыр, Құдабай батырлар құрыққа ілінді.

Екі айдан астам түрме дәмін татқан Қасым батыр амалын тауып қашып шығып, Зәйіп батыр ауылын паналайды. Абай оны ұстап берген адамға «500 қой берем» деп жар салғанымен нәтиже шықпайды. Қасымовқа өшіккен Қасым батыр оның Құмылға ат­танғанынан хабар алып, жолын тосады. Бірақ айлакер қызыл ат­қосшының киімін киіп, атын ауыстырып мінгендіктен аман қа­лып, атқосшысы Қымызбай оққа ұшады.

Онымен қоймай 1937 жылы Қаптық тауында бейбіт отыр­ған елді «Гансу өлкесіне ауа кө­шуге қамданып жатыр» деген­ желеу­мен басты адамдары: Бай­долла, Шәмши, Беги, Сақаба, Қо­жаберген, Жеңісхан, Қази, Ыбырайым, Қайдар, Әйкебай, Қабылқажы, Қақан, Әкбар, Біләл және басқаларды байлап-матап Үрімжіге жөнелтеді. Бұл кісілер түгелдей Шың Шысайдың түрмесінде өлтіріледі (Жақсылық Сәмитұлы. «Қы­тайдағы қазақ­тар». – Алматы: Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы, 2000 ж. – 96 б). Онымен қоймай момын ел­дің қолындағы мал-мүлкін алдап-арбап алып, Баркөлдің шұ­райлы жерінен қора салдырып бақтырды. Бұл жер әлі күнге дейін «Абай сайы» аталады.

Кекшіл Абай мұнда келген соң, осыдан 10 жыл бұрын өзін жазаға тартқан Ордахан биді іздейді. Іледе отырған бидің ауылына келіп: «Ей, Ордахан сен маған не істегеніңді білесің бе?» деп сұрайды. Артынан оны өлімші етіп сабайды. Осы соққыдан қорланған би оңалмаған екен.

Қысқасы, Сталиннің тапсыр­ма­сы­мен қазақтың бетке ұстар адамдарын жоюға кіріскен Абай­дың әлегінен ке­йін ел атажұртын тастап, шығысқа ауа­ды. Ауған елді тоқтатуға шамасы жет­пеген Қасымов өлке бастығы Шың Шы­сайға хат жазып «қарақшыларды» жоюға қарулы әскер жіберуін өтініпті (Тұ­рақынұлы. Қ.Құмыл қаласының тарихи материалдары. – Құмыл, 2013 ж. 152-б).

Сөйтіп ауа көшкен елге жерден, көк­тен аяусыз соққы жасалды. Осы оқиға жайлы әрі осы көштің топ ортасында болған Халифа Алтайдың 2011 жылы жа­рық көрген «Алтайдан ауған ел» атты естелік кітабында боямасыз баяндалады: «Жау ұшақтары көшті 11 күн тынымсыз бомбалау­мен болды. Олардың мақсаты не көшті тоқтату, не халықты бір­жолата құрту еді. Күндіз көшу қауіп­ті болғандықтан айлаға басып тек түнде көшетін болдық» деп жазыпты.

«Біреуге ор қазба, оған өзің түсесің» дегендей көп кешікпей Қасымовтың жеке басына бұлт үйіріледі. Шыңжандық зерттеуші Қырбақ Тұрақынұлының еңбе­гінде: «Шың Шысай өлкеде қызмет атқарып жүрген кеңес­тік мамандардың кейбірін «троц­ки­шілдер» деген қара тізімге ілік­тіріп оны Сталинге жолдаған. Осы қатарда Абай Қасымов та болды» дейді.

Сөйтіп, күдікті ретінде таңба басыл­ған Қасымов 1938 жылы Мәскеуге ша­қыр­тылып, осы жылдың 24 маусым кү­ні тұт­қындалады. Бір жылдай жүр­гізіл­ген тергеудің қорытындысы оны ату жазасына бұйырып, ол үкім 1939 жыл­дың 10 наурыз күні орындалған екен. Марқұмның денесі Алаш қайрат­керлері Әли­хан Бөкейхан мен Нығ­мет Нұр­мақовтардың күлі көмілген Мәс­кеудегі «Донское кладбище» зиратына жерленіпті.