Жыл басында облысымызда шекара маңындағы аудандарды дамыту мақсатында 2020-2024 жылдарға арналған бағдарлама әзірленген болатын.
Бағдарламаның мақсаты – елдің шеті, желдің өтіндегі Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан және Үржар секілді шекарадағы аймақтарды дамыту, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту, инфрақұрылымды нығайту. Қазіргі уақытта өңірде осы бағыттағы алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Мәселен, Тарбағатай ауданының Ақсуат және Ақжар ауылдарында мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында баспаналар салынбақ. Алғашқы үйлердің құрылысын сәуір айының соңында Ақжар ауылында жергілікті кәсіпкер Қайрат Қожахметов бастап кеткен еді. «Жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын үйлердің қабырғасы газблоктан тұрғызылуда. Жарық бағандары, кәріз жүйесі, ауызсу іргесіне келіп тұр. Әзірге 10 үйге келісімшарт жасалады. Яғни кәсіпкер салған үйлер бюджет есебінен сатып алынады. Баспаналар кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Жоспар бойынша Ақсуаттан – 50, Ақжардан – 50 баспана салуды межелеп отырмыз», деп жазған-ды сол кезде Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасов өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Енді міне, игі іс жалғасын тауып, тарбағатайлық Дулат Тастекеев, Әсет Мүфтиев, Дархан Шотабаев сынды кәсіпкерлер әрқайсысы 10-нан жиналып 30 үй (қос пәтерлі) саламыз деп уәде беріпті. Кеше Ақсуаттағы «Ет комбинаты» аталатын ықшам ауданында жер учаскелері өлшеніп, қазықтары қағылыпты.
Ескерте кетейік, Ақсуат пен Ақжарда үйлер салу мәселесі биыл облыс әкімі Даниал Ахметов Ақжар ауылына барып, шекаралық аймақтарды дамыту жөнінде жиын өткізген кезде тұрғындар тарапынан көтерілген болатын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы