Нұр-Сұлтанда 1-3 маусым аралығында 130-ға жуық нысан санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін жабылды. 3 маусымда мониторинг аясында 150 нысан тексеріліп, оның 52-і жабылды. Жабылған нысандардың ішінде дәмханалар, мейрамханалар, барлар (кальян ұсынғаны үшін), сұлулық салондары, көлік жуу және т.б. объектілер бар. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Әкімдіктің мобильді тобы полицейлер және эпидемиологтармен бірге күн сайын санитарлық нормаларды бұзған мекемелерді анықтау үшін рейд жүргізеді.
Бұған дейін санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін жабылған нысандар қатаң ескертуден кейін санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақтай отырып жұмысын қайта бастады. Мұндай қатаң шара коронавирустың таралуына жол бермеу үшін қабылданды.
Елордада маска тағу режимі әлі де сақталуда. Автобустар, дүкендер және басқа да адам көп жиналатын жабық жерлерде маска киіп, арақашықтық сақтап, антисептикті пайдалану қажет. Тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамаса, қалада күшейтілген карантин режимін енгізуге тура келеді.