Парламент Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ пен ҚХР-дың кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.
Аталған келісімге 2019 жылғы 6 маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында Еуразиялық экономикалық кеңес алқасының төрағасы, Одаққа мүше мемлекеттердің вице-премьерлері және Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі қол қойды. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кеңінен айтып берді.
– Келісімнің ережелері ақпарат алмасудың негізгі кезеңдерін, тараптардың өзара іс-қимыл тетігін және мәліметтердің көлемі мен құрамына қойылатын талаптарды реттейді. Жеке тұлғалардың пайдалануына арналған тауарларды қоспағанда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың экспорттық және транзиттік декларациялары бойынша өзара деректермен алмасу көзделген. Ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі мен Қытайдың уәкілетті органының ұлттық ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, көліктің барлық түрлері бойынша электрондық түрде жүзеге асырылады. Келісім күшіне енген күннен бастап 18 айдан кешіктірмей мәліметтің құрылымын, форматын, сондай-ақ ақпарат алмасудың техникалық шарттарын анықтайтын жекелеген хаттамалар қабылданады. Аталған хаттамалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасында жасалады және одан әрі ратификациялауды талап етпейді, – деді министр.
Осы Келісім бойынша ақпарат алмасу кедендік операцияларды жүргізуді жеделдетуге, алынған мәліметтерді тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында қолдануға және кедендік бақылаудан жалтару фактілерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі тараптың кедендік аумақтарына ықтимал қауіпті, өткізуге тыйым салынған және шектелген тауарларды әкелуге байланысты тәуекелдерді азайту көзделіп отыр.