Парламент Сенатының жалпы отырысында лотерея қызметін құқықтық жағынан жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр.
Алқалы жиында аталған заң жобасын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.
Оның айтуынша, 2017 жылы Үкімет жарлығымен «Сәтті Жұлдыз» Акционерлік қоғамы лотерея операторы болып 15 жыл мерзімге анықталды. Лотерея операторының қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша 3 мыңға жуық таратушылар (агенттер) саны шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады. Олармен келісім шарттар негізінде жұмыс жүргізіледі, яғни лотерея операторы лотереяның дұрыс жүргізілуіне және таратылуына тікелей өзі жауап береді. Сондай-ақ лотерея билеттерін таратуды өзінің негізгі қызметтерімен қатар атқаратын ірі дистрибьютерлер бар. Мысалы, «Қазпочта» Акционерлік Қоғамы және ірі супермаркеттер желісі.
Заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді: Атап айтқанда, лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаға лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту; комиссиялық келісімшарт аясында орналастырылған жарнамадан бөлек лотерея жарнамасына тыйым салу; лотереяларды өткізу аумағына және технологиясына, сонымен қатар жүлде пулын қалыптастыру әдісіне байланысты жіктеуді, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен ережелермен лотерея өткізу тәртібін, шарттары мен ерекшеліктерін реттеу сияқты нормалар қарастырылған.