Ағымдағы жылы Жамбыл облысының Талас ауданында 77 жоба жүзеге асады. Бұл мақсатқа 5,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, ауданда «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясында осы жобалар аясында 1,8 миллиард теңгенің инвестициялары тартылған. Қазірдің өзінде мұнда жалпы қуаттылығы сағатына 9 МВт-ты құрайтын 7 жел генераторы салынған. Инвесторлардың айтуынша, станция тамыз айының басында жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңінде жел қозғалтқыштарының саны 9-ға артады.
Талас ауданына арнайы барған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс баламалы энергетика саласында айтарлықтай әлеуетке ие екенін, аймақтың климаттық жағдайларын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. «Жаңартылатын энергия көздері жобаларының көмегімен көптеген елдімекендерді электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиямызды сақтауға болады», -деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, аудан орталығы Қаратау қаласындағы «Көктал» сумен жабдықтау жүйесінің, аудан орталығының орталық қазандығына су беру қосалқы желісінің және жаңа тазарту қондырғыларының құрылыс барысымен де танысты. Жалпы, аудан ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ауы су жүйесі биыл Қаратау қаласы мен Майтөбе ауылына жүргізіледі. Ал, Бостандық және Тамабек ауылдарындағы ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтетін болады.
Жамбыл облысы