Бұл мәселе жергілікті әкімдердің жұмыстарына салғырттығын, ауыл-қаланы араламайтындарын, шатырларды жөндеген мердігерлердің қабылдау актісіне қол қойған шенеуніктер тізімін анықтап, мемлекеттік қызметшілерді жауапқа тарту қажеттігін көрсетеді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 маусым күнгі қатты жел өңірдегі бірнеше ғимараттың шатырларын ұшырып әкетсе, облыс орталығындағы бір дуалды құлатқан. Көптеген ағаш бұтақтары сынып, қала көшелерінде қолайсыз жағдай туғызды.
Қатты желден Ақсу қаласы және қала аумағына қарасты Жолқұдық ауылындағы ғимараттың шатыры ұшып кетті. Табиғи апат салдарынан Ақсу қаласы М.Әуезов көшесі бойындағы «Шолпан» қонақүй кешенінің 600 шаршы метр аумақтағы шатыры ұшып түскен. Қонақүй кешенінің шатырымен бірге қалалық аурухананың 300 шаршы метр аумақтағы шатырын да ұшырып әкетті. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
Тағы бір оқиға қалаға қарасты Жолқұдық ауылында орын алды. Қатты жел ауылдық мәдениет үйінің шатырын ұшырып түсірген. Мәдениет үйінің ғимараты 1968 жылы салынған, жалпы ауданы 500 шаршы метр.
Осы күні Железин ауданы Еңбекші ауылында соққан қатты желдің екпіні ауылдық мектептің 240 шаршы метр аумақтағы шатырын жартылай ұшырып әкетті. Мектептің екі қабатты ғимараты 1982 жылы салынған, жалпы ауданы – 1736 шаршы метр.
Облыс орталығында қатты жел «Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» мекемесінің ұзындығы 25 метрді құрайтын металл қоршауы мен кірпіштен жасалған қоршау бағаналарын құлатты.
Ал бұған дейін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Дәрмен» қосымшасы арқылы қатты жел тұрып, оның екпіні секундына 18 метрден асатыны туралы ақпарат таратқан болатын.
Облыс аумағында қатты жел тұратыны туралы ескерту ұялы байланыс операторларының барлық абоненттеріне таратылған еді.
Бірақ, мәселе неде?.. Ұшып кеткен шатырлармен бірге қыруар қаржы далаға кеткенін көрдік, «ұшатын шатырлар» қазір тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Облыстағы былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен ғимараттардың бірде-бірінің шатыры дауыл екпініне шыдай алмады. Бұл мәселе өңірде салынған, күрделі жөндеуден өткен сапасыз құрылыстарда кемшілік жетеді деген сөз.
Павлодар облысы