Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытудың әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінін және болашағын сабақтастыратын жарқын көрінісі екені сөзсіз.
Таңмен таласа тұрған көкшетаулықтар қала көшелеріндегі салтанаттың куәсі болды. Әуелі Абылай хан даңғылынан бастау алған шеру Тәуелсіздік алаңында тоғысты. Уәлиханов көшесінің бойында «Евразия Групп Қазақстан» ЖШС-ның ұжымы әуелетіп Әнұранды орындады.
– Сөз құдіреті деген ғажап-ау, Әнұранды естіген сайын тұла бойың шымырлап, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді қала тұрғыны Нұрлан Алпысбаев, – осындай шараларды өткізген өте дұрыс. Әркімнің бойында елге, жерге деген, сүйікті Отанымызға деген құрмет арта түседі.
Облыс орталығындағы бірқатар еңбек ұжымы ортақ мерекеге бір адамдай қатысып, өз көкіректеріндегі пейіл мен ниеттің мәңгі сөнбес ұшқынын көрсетті. «Агример Астық», «Гормолзавод», «Ақсай Нан» серіктестіктерінің ұжымдары өз еңбек орындарында да баршасы бір адамдай болып Әнұранды орындады. Ондаған ұлт өкілінің бір арнада тоғысқан тілек-ниеттері асқақ әннің әуелеген лебімен жасыл желекке оранған қасиетті Көкшетау қаласының көгілдір аспанының астынан қалқып шығып, жалпақ далаға шымырлап тарап бара жатты. Облыстық сот ғимаратының алдында «Менің туым – менің, Отаным!» акциясы өткізілді. Н.Назарбаев даңғылы 95 тұрғын үйінің алаңында белгілі айтыскер ақын Мұхамед Қоңқаев еліміздің басты құндылықтарын жалынды жырмен өрді.
Бұқпаның баурайында Ту көтерген жиырмаға жуық автокөлік сап түзеп, қала көшелерін аралауға аттанды. Бұл бір әр көкіректе өз еліне деген өлшеусіз махаббаттың көрінісін көрсететін, ақ түйенің қарны жарылған сәттегі жан қуанышын, рух қуанышын себезгілейтін сәт еді. Қаз-қатар жүріп бара жатқан көліктерге көз салған көпшілік өздерінің мәңгілік мұрат тұтқан елдің бір бөлшегі екенін ұғынған сайын ел мерейі арта түсе береді екен.
– Біз, спортшылар халықаралық жарыстарда топ жарған сайын еліміздің Әнұраны орындалып, туы көтерілгенде тебіреністі сәтті бастан кешеміз, – дейді бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина Ибрагимова, – Отанымыздың мерейін үстем етіп, жалпақ әлемге таныту қандай бақыт.
Бұл күні қоғамдық көліктерде мемлекеттік ту таратылып, «Рәміздерім – мақтанышым!» акциясы өткізілді. Көрген жанның көкірегіне ой салатын, алпыс екі тамырын шымырлататын мазмұны терең, мағынасы мол шаралар шеруі кешке дейін толастаған жоқ.
Ақмола облысы