• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Таным 05 Маусым, 2020

Мүфтият уағыздарды назарға алып, сараптаудан өткіз­ге­ні жөн

770 рет
көрсетілді

«Жігіттікте жаннан кеш те іс қыл, өлсең, өлесің. Өлмесең, кісі боласың» деген ескіден келе жатқан сөз бар. Сонысымен бабалар ұрпағына тағдырыма жазғаны сол деп бұға бермей, іс қыл, еңбек ет дейді. Ал қазақтың бағына берген дана, уәлі сөзді Мәшһүр Жүсіп «Біреу кедей болса: «Құдай кедей қылды». Біреу жаман болса: «Құдай жаман қылды. «Біреу надан болса: «Қайтсін, Құдай надан қылды» деу, мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан», деген ой айтады.

Бұл қазіргі заманның тілімен айтсақ, мотивация. Адамды қарекетке бастау, тағдырына мойынсұнып қарап отырмауға шақыратын дүниелер. Көңілге алаң кіргізетіні, бүгінде адамға мотивация берушілердің саны мо­лай­ған. Олар жас пен жасамысқа да толассыз ақпарат беруде. Атеистік тәрбие алған адамдар діни сенім бостандығы берілгенде дінге бет бұрды. Сол жолда адасқаны да, Хақтың жолына түскені де бар. Қолайына жаққан уағыздың түр-түрін тыңдап жатқан жұртшылықта қисап жоқ. Иланбасаңыз, Instagram, YouTube желісіндегі уағызшыларды қанша адам көретінін қарап шығыңыз. Жетпіс жыл ішінде қаланған іргетасы осал жұрт «оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ» дегендей, әйтеуір аузында Алласы бар адамдар ғой деп, білмегенін білсем деген көңілмен пейілдерін бере түрлі уағызды тыңдайды. Уағыздың да уағызы, айтушының да астарлы ниеті бар екен. Қазақ «құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Алайда құдайдан қорқуға үндеу деген пендені мына дүниедегі сенің көретініңнің бүтіні – тағдырдан, тозаққа түсіп, отына күйесің деп қорқыта беруге айналып бара жатқандай көрінеді. Амалың Аллаға жағар болсын. Тірлік жаса, еңбек ет, жолын ізде кәсіптің, білімге, ғылымға ұмтыл. Еліңнің кәдесіне жара, қазіргі уақытта Отаның үшін не қажет, соны біліп жасауға тырыс, сонда екі дүниенің нығметіне бөленесің дейтіндерге қарағанда тозақтың отымен қорқытушылар көбейді.

Теолог Мұхиддин Исаұлының мына бір ойы көңіл пернесін дөп басқан. «Дін адамдарды қорқыту үшін емес, қайта өмірге деген үмітін ояту үшін, жан дүниесін жылылыққа бөлеу үшін келеді. «Қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады» деген осы. «Өлесің, құрисың, тозаққа түстің сен, өртенесің, жанасың, шаян шағады, жылан шағады, айдаһар жұтады, отта лаулап жанасың, Алла сені үйтіп жібереді, бүйтіп жібереді» деген толған уағыздар. Содан тыңдап отырып ойлаймын: «Сонда Алла адамдарды осылай қорқыту үшін, отқа жағу үшін, азаптау үшін жаратып па? Алла сонда залым ба еді? Астапыралла! Сонда Алланың қанша күнәң болса да кешіремін дегенін, мейірімі мен рақымы ананың баласына деген рақымынан, мейірімінен әлдеқайда жоғары екендігін қайда қоясың? Әй, уағызшы молда! Сен мың уағыз айтып, сол уағызыңнан жүз мың адам дінге келсе, бірақ бір адам ұстап тұрған дінінен безетін болса, Алланы залым санайтын болса онда сенің ақыретіңнің қараң болуына жетіп асады. Бүкіл жиғаның далаға кетеді. Пайғамбарлар адамзатты шошыту үшін келген жоқ. Дінді, әсіресе уағызды ғалымдар емес, нағыз тақуалар және ақыретке басын тіккендер айтады. Айта алмайсың ба, тыныш жүру керек, нең бар ақыретіңді қорлап, елді діннен бездіріп, Алладан бездіріп», дейді.

Иә, амалыңды дұрыстамай, қарекетіңді игілікке бағыттамай құдайға кінә арту діннен де бездіріп бара жатқандай ма?

«Менің Тәңірім мені құлсың демеген», арабқұл емес, қазақ боламыз, ол үшін Тәңірге бет бұруымыз керек деп ұрандаушылардың шығуына осындай зиянды уағыздардың әсері көп болған тәрізді. Әлеуметтік желі­де жария­лан­ған жазбаларды өзгеріссіз назар­ла­рыңыз­ға ұсынуды жөн санадым.

«Қиындық осыны тәңіршілік дәстүрмен жерлеуді ашық бастауда, елге жария етіп істеуде болып тұр. Қостанайда бір кісі екі ұлына айтып, өзін солай жерлеткен. Енді ол жақта 70-80% орыс, басқа, тек көңіл айтуға барғандар, оларға бәрібір буддист болсаң да. Ал мешіті, имамдар қаптаған жерде баласына, туысына тиісіп, өлген күннен бас­тап, зиратқа кіргізбейміз деп шуылдайды мүлімдер», дейді.

 Қазақ қашаннан «Дүмше молда дін бұзар» деп қауіп етеді. Зайырлы мемлекет болсақ та, өскелең ұрпаққа бағытталар уағызды Мүфтияттың назарға алып, сараптаудан өткіз­ге­ні жөн сияқты. Әйтпеген күнде жүгіміз ауып, жетеміз деген мақсат арман болып, орта жол­да қалуымыз әбден мүмкін-ау.