• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 05 Маусым, 2020

Сот жүйесіне деген сенімді қалай арттыруға болады?

600 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын екі оқы­лымда қарап, қабылдады. Соның бірі сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Артық сот рәсімдері қысқарады

Әуелі Сенат депутаттарының назарына «Қазақ­стан Республикасының Аза­мат­тық про­цестік кодексіне соттар жұ­мы­сының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды.

Аталған құжат жөнінде Жоғарғы сот­тың Азаматтық істер жөніндегі сот ал­қасының төрағасы Мейрамбек Таймер­денов баяндады. Оның айтуынша, заң жобасы үш бағыттан тұрады. Олар – соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру және сот ісін жүргізудегі цифрландыру.

– Соттарға қатысты «судья істі қара­ғанда оның ақ-қарасына неге терең үңілмейді?», «неге тек ұсынылған дәлел­дермен қанағаттанып, шешім шығарады?» деген сыңайдағы сын жиі айтылады. Оған себеп – қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің талабы. Кодекс бо­й­ынша судьяның ешбір жағдайда талап-арыз шеңберінен шығуға мүмкіндігі жоқ. Кодексте не талап етілсе, тек сол мәселені қарап, шешім қабылдауға міндетті. Өз бетінше басқа да мән-жайларды анық­тауға еш құқығы жоқ. Бір сөзбен айт­қанда, судьялардың қолы байлаулы деу­ге болады. Соның салдарынан сот­тар­ға айтылатын сын да аз емес. Бұл пробле­маны шешудің бір ғана жолы – судья­ның процестік рөлін түбегейлі өзгерту. Әділ шешім қабылдау үшін ол дауды жан-жақты, бүге-шүгесіне дейін түсініп алуы керек. Бұл дегеніміз, судья про­цестік жағынан еркін болуы қажет. Қан­дай уәж­ді немесе дәлелдерді зерттеу ке­рек екенін ол өзі анықтауы тиіс. Бұл – біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамы­ған елдердің соттарында қалып­тас­қан тәжірибе. Сондықтан осы тәжірибені пай­да­ланбақпыз, – деді М.Таймер­денов.

Заң жобасының негізгі міндеттері – соттардың азаматтық істерді шешу, процестің жарыспалылығы қағидаттарын ұстану тәсілдерін өзгерту; азаматтық сот ісін жүргізуде татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту; артық процестік әрекеттер мен сот актілерін қысқарту; сот ісін жүргізуде электронды сервистер мен техникалық құралдарды қолдануды кеңейтуді қамтамасыз ету.

Құжатта соттың күрделі емес мәсе­ле­лерді тараптарды шақырусыз қарауы­мен байланысты процестік әрекеттерді оңтайландыруға бағытталған нормалар қамтылған. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі істерді электронды форматта қарау ұсы­ны­лады. Сондай-ақ элек­тронды хатта­ма­ға, процеске қа­шықтан қатысуға, про­цеске қатысу­шы­лардың электронды гад­жет­терді және басқа техникалық құрал­дарды пайдалануына қатысты басқа жаңа­лықтарды да қарастырады.

Сенат Спикері Аза­­мат­тық процестік кодексіне енгізіліп отырған түзетулер Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша әзірленгенін атап өтті.

– Өзгерістер мен толықтырулар сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға және артық сот рәсімдерін қысқартуға септігін тигі­зеді. Сондай-ақ заманауи электронды сер­вистерді енгізуге, азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенімін арттыруға мүм­­кіндік береді. Сондықтан кодек­с­ке енгі­­зілген түзетулер сот төрелігінің жедел­­дігін және тиімділігін қамтамасыз етіп, сот жүйесінің одан әрі дамуына оң әсер етеді деп сенеміз, – деді М.Әшім­баев.

 

Кедендік бақылаудан жалтаруға жол бермейді

«Еуразиялық эконо­микалық одақ пен ҚХР-дың кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Аталған келісімге 2019 жылғы 6 мау­сымда Петербург халықаралық экономи­калық форумының аясында Еуразиялық экономикалық кеңес алқасының төр­ағасы, Одаққа мүше мемлекеттердің вице-премьерлері және ҚХР Сыртқы істер министрі қол қойды. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді.

– Келісімнің ережелері ақпарат алма­судың негізгі кезеңдерін, тараптардың өзара іс-қимыл тетігін және мәліметтердің көлемі мен құрамына қойылатын талаптарды реттейді. Жеке тұлғалардың пайдалануына арналған тауарларды қоспағанда, сыртқы экономикалық қыз­м­етке қатысушылардың экспорттық және транзиттік декларациялары бо­йынша өзара деректермен алмасу көзделген. Ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі мен Қытайдың уәкілетті органының ұлттық ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, көліктің барлық түрлері бойынша электронды түрде жүзеге асырылады. Келісім күшіне енген күннен бастап 18 айдан кешіктірмей мәліметтің құрылымын, форматын, сондай-ақ ақпарат алмасудың техникалық шарттарын анықтайтын жекелеген хаттамалар қабылданады. Аталған хаттамалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары мен ҚХР-дың Бас кеден басқармасы арасында жасалады және одан әрі ратификациялауды талап етпейді, – деді министр.

Осы Келісім бойынша ақпарат алмасу кедендік операцияларды жүргізуді же­дел­детуге, алынған мәліметтерді тәуе­кел­дерді басқару жүйесінің тиімділігін арт­тыру мақсатында қолдануға және кедендік бақылаудан жалтару фактілерін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету мақ­сатын­да екі тараптың кедендік аумақ­тары­на ық­ти­мал қауіпті, өткізуге тыйым салын­ған жә­не шектелген тауарларды әкелуге бай­ла­нысты тәуекелдерді азайту көзделіп отыр.

Бұған қоса «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектановтың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – соғыс жағдайы саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл елімізде қауіпсіздікке төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс әлеуетін қолдау қажеттігінен туындап отыр.

– «Соғыс жағдайы туралы» заңда Пре­зидент өкілеттігін толықтыру ұсыны­лып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәр­тібін айқындау, Қарулы Күштер Жоғар­ғы Бас қолбасшылығы ставкасы тура­лы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағ­­дайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйым­дас­тыру туралы ережені бекіту болып отыр. Одан басқа Үкімет қызметі мына­дай өкі­леттікпен толықтырылады: бейбіт уа­­қытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министр­­ліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағ­дайы кезеңінде мемлекеттік орган­ды соғыс уақытындағы штатқа көші­руді ұйымдастыру, жергілікті атқару­шы органға азаматтық және аумақ­тық қор­ғаныс саласын қамтамасыз ету мін­детін белгілеу, – деді М.Бектанов.

Сонымен қатар соғыс жағдайы кезе­­ңін­де жергілікті атқарушы органның өкі­лет­тігін көздеу, оларға «облыстың, респуб­ликалық маңызы бар қаланың, аста­на­ның қорғаныс кеңесін» құруға өкі­лет­тік беру ұсынылады. Бұл ретте қорға­ныс кеңестері әскери басқару органы ре­тінде соғыс жағдайы саласының орын­далуын қамтамасыз етеді. Олар тек со­ғыс жағдайы кезеңіне құрылады. Сон­дық­тан Қарулы Күштер құрылымына кірмейді.

Жалпы отырыста лотерея қызметін құ­қықтық жағынан жетілдіруге бағыт­талған заң жобасы қаралды. Бұл құжатты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

Оның айтуынша, 2017 жылы Үкі­мет  шешімімен «Сәтті Жұлдыз» акцио­нер­лік қоғамы лотерея операторы болып 15 жыл мерзімге анықталды. Лотерея операторының қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша  ­ 3 мыңға жуық таратушы (агент) саны шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады. Олармен келісімшарттар негізінде жұмыс жүргізіледі, яғни лотерея операторы лотереяның дұрыс жүргізілуіне және таратылуына тікелей өзі жауап береді. Сондай-ақ лотерея билеттерін таратуды өзінің негізгі қызметтерімен қатар атқаратын ірі дистрибьютерлер бар.

Осы құжат арқылы лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотереяны өткізгені үшін жауапкершілігін белгілеу арқылы лотереяны және лотерея қызметін реттеу тетіктері жетілдіріледі. Одан бөлек, лотереяны таратушының (агенттің) мәртебесі заңмен бекітілді, лотерея операторы немесе лотерея таратушысы болып табылмайтын тұлғаның лотереяны таратуына тыйым салу енгізілді, лотерея билеттерінің электронды нысандарына және лотерея өткізуге пайдаланылатын жабдықтарға қойылатын талаптар белгіленді, лотерея операторы және лотерея таратушылары болып табылмайтын тұлғалардың лотереяны жарнамалауына тыйым салу енгізілді.

Отырыста сенаторлар депутаттық сауал­дарын жария етті. Нұртөре Жүсіп бала­лар әде­биетін дамыту жөнінде, Әб­дәлі Нұра­лиев «Қазфосфат» ЖШС-ның өнеркә­сіп қалдықтарына (фосфогипске) қа­тысты, ал Төлеубек Мұқашев өңірлерді дамыту туралы мәселелерді көтерді.