Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жұмыс істеген журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының «Елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістер жағдайында журналистік қауымдастықтың рөлі айтарлықтай артады, журналистердің жауапты азаматтық ұстанымы, олардың кәсібилігі, шыншылдығы – табысты жұмыстың кепілі» деп бір жыл бұрын айтқан сөзін еске салып, бүгінде бұл сөздің салмағы одан сайын артқанын айтты.
– Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індеті елімізге таралып, төтенше жағдай жарияланған кезде біздің журналистеріміз де дәрігерлер, полицейлер және әскерилермен қатар өз азаматтық позицияларынан айнымай, қауіптің алғы шебінде жүрді, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Жасыратыны жоқ, журналистерге қосымша санитарлық қауіпсіздік шаралары жасалмаса да, тілшілер қауымы мен қаншама техникалық қызметкерлер өз кәсібіне адал еңбек етті. Сол үшін де сіздерге, бүкіл ақпарат саласында қызмет ететін қауымға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Аида Балаева.