Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында жұмыссыздар мен табыссыз қалғандар саны 4,2 млн адамға жеткен. Жылдың аяғында күтілетін жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрауы мүмкін (салыстырмалы түрде алғанда, 2019 жылдың соңында Қазақстан Республикасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады).
Осыған байланысты ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «KPI» ЖШС зауытында журналистерге берген сұхбатында Үкіметтің экономиканы қалпына келтіруде жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді басымдыққа алып қабылдаған шаралары еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруы тиіс деп атап өтті, деп хабарлады Кәсіподақтар Федерациясының баспасөз қызметі.
«Биыл жұмыспен қамту шараларына 1,2 миллион адамды тарту жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 255 мың жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобалары іргелес салаларда 100000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болады», деген статистиканы келтірген Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық кәсіподақ бірлестіктері ортақ мәселені шешуге яғни жұмыс орындарын сақтау және табыстарын уақытша жоғалтқан адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуге күш біріктіруде. Кәсіподақтар федерациясы жұмыс орындарын сақтаудың дәстүрлі шараларын қолдануды ұсынады. Олар - бірнеше жұмыс пен артық жұмыстан бас тарту; толық емес жұмыс аптасын немесе жұмыс күнін енгізу; жұмысқа орналасуға көмек; мердігерлерден тапсырыстарды өз жұмысшыларына беру және біліктілікті арттыру.
ҚРКФ төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кәсіподақтардың жаңа жұмыс орындарын сақтау және құру мәселелеріндегі ұстанымымен де бөлісті.
«Мемлекет әлеуметтік-мәдени салада (денсаулық сақтау, білім, мәдениет) бұрын оңтайландырылған кәсіпорындар мен ұйымдарды қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруы керек. Бұл сондай-ақ экономиканың осы салаларындағы жұмыс орындарының санын көбейтуге және осылайша жұмыспен қамтуды қолдауға көмектесуге болады. Үкімет қабылдаған шараларды одан әрі дамыту қажет. Жұмыссыз қалған жағдайда төленетін өтемақылардың уақыты мен мөлшерін арттыру қажет. Бұл шаралар келесі жылы міндетті түрде сақталуы керек деп санаймыз. Сонымен қатар, корпоративті бонустардың және компанияның басшыларына берілетін қосымша төлемдерді тоқтату есебінен коронавирус кесірінен жұмысынан айрылған адамдарды қайта даярлауды қаржыландыру үшін өтемақы қорларын құру қажет», - деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Оның пікірінше, жұмысынан немесе табысынан айрылып, қиын жағдайға тап болған адамдарды тек Үкімет қана емес, сонымен бірге әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары қолдауы керек. Дәулеталин кәсіподақтар өз кезегінде дағдарыс ауыртпалығын жұмысшылардың мойнына артып, тағдыр тауқыметімен бетпе-бет қалдыру әрекеттеріне тосқауыл болады дегенді баса айтты.