Ұлттық музейде Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс жаңғырығы» атты жоба қолға алынған болатын. Қашықтан өткізілетін акция аясында қан майданнан оралмаған қаншама боздақтың хаттары мен соғыс қимылдарын бейнелейтін фотосуреттер табылып, Ұлттық музей қорына 11 хат, 69 фотосурет пен 95 құжат келіп түскен.
Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естелік-шежірені толықтыратын солдат хаттары сұрапыл сұм соғыстың ауыр тынысын сездіреді. Сарғайған сағынышқа толы жазбаларда соғыс туралы әңгіме мен өлеңдер, фотосуреттер көрініс тауып, жақынының жанына жылылық ұялататын жылы сөздер жазылған, ең бастысы, сындарлы сәтте от пен оқтан тайсалмаған қайсар жандар өмірден ешқашан үмітін үзбеген. Соның бірі – қан майданда хабарсыз кеткен Юсуп Хакимовтың сүйіктісіне жолдаған үшбу хаты еді.