• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2020

Петропавлда есірткі жасау үшін кендірмай өсірген азамат ұсталды

299 рет
көрсетілді

Петропавл қаласының «Заречный» кентінде тұратын 48 жастағы тұрғынының бақшасында 400-ден астам түп кендірмай өсіп тұрғаны анықталды. Оны қала полициясы «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында тапты.

Үй иесі құрамында есірткі заттары бар өсімдікті арнайы өсіріп жатқандығы, ауласында осы мақсатқа қолданылатын жылыжайдың және сол жылыжайдағы қыш құмыраларда өсіп тұрған көшеттердің болуы оның есірткі заттарын жасаумен арнайы айналысатындығын көрсетіп тұр. «Үй иесінің мойындауына қарағанда ол жылыжайды арнайы кендірмай өсіру үшін тұрғызған. Сондай-ақ, алынған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Үйді тінту барысында мылтық, түрлі калибрдегі жауынгерлік және травматикалық патрондар, аңшы қаруының оқпаны мен оптикалық көздеуіш табылды. Бұл заттар да айғақ ретінде алынды. Қазір күдіктінің үстінен құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған көшеттерді заңсыз егу мен өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі қозғалды.

Күдікті өсімдікті өзінің жеке мақсатына пайдалану үшін ғана өсіргенін, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алғанын айтып ант-су ішуде. Алайда жеке мақсатқа қолдану үшін кептірілмеген салмағы 5 кг асатын кендірмайды өсіргеніне ешкімнің сенбесі анық. Өйткені бұлардан есірткінің аса ірі көлемін жасауға болады. Қылмысты істі жүргізу барысында сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

 

ПЕТРОПАВЛ