• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2020

Құлқынын көбірек ойлаған жан қапы қалды

460 рет
көрсетілді

Жалпы елдің, тіпті әлемнің басына қауіп төніп, жұрттың бәрі пандемиямен күреске жұмылып жатқанда СҚО Шал ақын ауданы полициясы бастығының орынбасары, майор шеніндегі парақор өзіне ісі түскен бизнесменнен 1,3 млн теңге пара талап еткені үшін тұтқындалғанын бұрын жазған болатынбыз.

Ол астық сатып алуға Қазақстанға келген шетелдік бизнесмендердің карантин кезінде аудан аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік тудыратыны үшін осынша қаражат талап еткен. 

СҚО Полиция департаментінің қызметкерлері алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аймақтық басшысы Ернар Баянғазин парақордың барлық қылмыстық әрекетін айтып берді. Астық алуға келген шетелдіктер блокбекетте ұсталып, әкімшілік хаттама толтырылуы үшін сотқа жіберіледі. Ал астығын өткізуге асыққан жергілікті фермер олардың тез босатылуына көмектесуді сұрап күдіктіге жүгінеді. Күдікті бұл іске құлшына кіріспек болады, алайда ол үшін 300 мың теңге беруді талап етеді. Алушыдан айрылып қалмауды көздеген фермер оған келіседі. Сонымен қатар шетелдіктердің аудан аумағында еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етуін сұрайды. Парақор бұған да келісіп, алайда ол үшін тағы бір миллион теңгені қосымша беруге мәжбүрлейді және бұл ақшаның жартысын жоғарыға беретінін айтады. Фермер осының бәрін айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағым түсіреді. Парақор ақшаны алу кезінде ұсталды.

Жуырда Петропавл қалалық соты парақорды 3,5 жылға бас еркінен айыру туралы үкім шығарды. Ол қылмыстық жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі түзету орнында атқаратын болды. Сонымен бірге өмір-бақи мемлекеттік қызметте істеу құқынан айрылды. Әрине, парақордың әлі облыстық сотқа шағымдану құқы бар, бірақ мұндай істер бұзыла қоймайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы