• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Маусым, 2020

Ала қап ішінде аунаған сарын

816 рет
көрсетілді

Мүгүлсім тезек теруге жиналды. Жиналғаны несі деп жиырыла қалған боларсыз. Оның бұл іске біржола бет алуының астарында аяусыз тағдыр, алмағайып заман, аласапыран зұлмат, бір сөзбен айтқанда ұлық ұлыс қазақтың тұтас трагедиясы жатқанын сол кезде ешкім білген жоқ. Оның сол кезде арқасынан ала қаптың ішінде қаз мойын қызыл домбыра жатқанын да ешкім аңғармады.

Оның сол кезде запыранға то­лы зарлы кеудесінде алабұға­дай аунап түскен замана сұрқы, кел­мес­­ке кеткен кешегі мамыражай уа­­қыт керуені қанды сазға ай­на­лып, шеменге оранған шерлі ше­жі­­ре он саусақтан тоғыз пернеге күй бо­лып төгілерін де ешкім аңдамады.

Арғы аталары мыңды айдаған Мүгүлсімнің ала қапты арқасына салуы шынымен көрген көзге оғаш, тіпті тұрпайы еді. Қолына тезек ұстамақ түгілі, саусағына қап іліп көрмеген қаракөк тұқым­ды бұл пұшайман күйге салған салқынды сезіп те отырсыз.

Анадай жерде би­ліктің жандайшап бір шабарма­ны тезек теруге шыққан Мү­гү­л­­сімді кекете келеке қы­лып тұр. «Кекірік атқан кешегі за­ман­­дарың келмес­ке кетті! Тезек теріп, ке­деймен тең болдыңдар!» деп қарқылдады Кеңес солдаты.

Мүгүлсім оның дарақы, топас, тоғышар күлкісін құлағына да ілмеді. Кеудесін кернеген жаңа са­рын аласұртып барады. Анау қы­зыл шоқыны тезірек асып, қара­сын тезірек батырғысы келіп асы­­ғады. Күй меңдеген қоңы­рау­лы сарай қоңыр жазықты бетке ал­ды. Жанын жарып шығар тыл­сым дыбысты ыңылдап аттай­ды. Қайт­кен күнде ырғағы мұң­ды, қа­ғы­сы тағдырлы бұл әуен ішіне тү­сіп кет­пеуі керек. Олай болған жағ­дай­да өнер өз иесін өзі алып жығады.

 * * *

Арқада шертпе күйдің шеше­ні атанған Аққыз Ахметқызы деген өнерпазыңыз осы – Мүгүлсім. Иә, заманында келе-келе түйе­сі кең сахараға сыймаған, Арқа­ның қойны-қонышын үйір-үйір жылқысы жайлаған, отар-отар қойы ойдың-қырдың сәнін кіргізген атақты Ахмет болыстың кенже қызы Мүгүлсім! Ерекшелеп қойған есімін ел тік айтуға батпай, еркелетіп Аққыз атаған күйші Мүгүлсім, өнерпаз Мүгүлсім, бекзат Мүгүлсім!

Ахмет байыңыз болса, Ақсе­леу ағалар айтқандай әрі болыс, әрі бай, он мың ақ қой, он соқыр біткен ордалы кісі болыпты. Он мың ақ қой деп отырғаны – ол кезде қара қойды есепке алмай санайды екен. Осыншама дәулет, қисапсыз байлықтың иесі сол Ахметтің кенжекейі о заманда бұ заман Аққыз тезек теруге шығады деп кім ойлайды?

Қазақтың басына түскен ауыр нәубет, бай-шонжарларды қуғындаған кәмпеске Арқада ұзақ жалғасты. Сал-серілер жаппай атылып, асылып, қасіретті әндер мен тағдырлы күйлер «жа­заға» тартылып жатты. Арқа дала­сында шертпе күйдің тұтас мек­тебі талқандалды. Темір жүйе Тәт­тім­бет салған сара жолды тегіс жойды. Домбыралар отқа жа­ғылып, дәулескер күйшілер оққа ілінді...

Аққыз күйшіні де осы шапқын қырына алды. Әкесі қамалып, қос ағасы қатар айдалып кеткен зарлы Аққызға сол кезеңде іштегі зарын қос ішекке ұзатудан басқа амал қалмаған еді. Оның өзін тығылып, жапан далада жалғыз тарқатса тарқатты, тар­қатпаса бойын меңдеген қай­ғылы қағыс жанын жегідей жеп миында мәңгі ызыңдағаны ызыңдаған!..

Шері ішіне шиырланған Ақ­қыз қолына ала қап алып аулаққа шығып бара жатқаны осы гәп.

Аққыздың ала қанары ішінде аунаған сондағы асыл мұра­­лары­ның бірі — «Қайран елім» күйі екен. Күйіктен туған күйдің таби­ғаты аты айтып тұрғандай қай­мық­қан жұрттың қапыда кет­кен есіл рухын баян­дайды. Жара­сын күймен емдеп, нала­сын сал­қар сахараға төк­кен Аққыз күй­шінің ар­тында оншақ­ты күйі, төрт-бес әні ғана қа­лып­ты. Таби­ғи да­рын иесін тар бұ­ғауда тұсау­ла­маса небір ғажап шы­ғар­малар бү­гін­нен болашаққа ама­нат­қа ар­тығы­мен қалмас па еді!..

Жә, «орнында бар оңалар» деген тәубешіл халықпыз ғой. Қазақтың қарағайлы қара домбырасы аманда, оны төріне іліп, қос ішегіне қолын созар қазақ аманда Аққыз аманаты келмеске кетпес. Тек, осы Аққыздай аса дарын иелерін тудырған текті топырақ, Тоқырауындай тұнық судың қасиетін жас ұрпаққа дұрыс насихаттай білгеніміз дұрыс.

Насихат деген сол шығар, заманында осы сіз оқып отырған бас басылымның қара шаңырағына Аққыз апа көзі тірісінде кіріп шығыпты. Өзі қайдан келсін, оның өлмес өнерін жұртқа насихаттау үшін сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» қызметкері Ақсе­леу Сейдімбек күйшіні Ал­матыға арнайы шақырып, газет­тің ұйымдастыруымен, өнер адам­дарының қатысуымен кездесу өткізіліпті. Аққыз апа жайлы алғашқы мақалалардың бірін қазақ өнерінің қызғыш құсындай болған Жарқын Шәкәрім жазса, кейіннен кешенді зерттеуді Жан­ғали Жүзбай бастаған жаңа буын жүргізіп келеді. Бұл игі іс әрі қарай да жалғасын таба бергені жөн. Аққыз Ахметқызының қолы­­ның табы қалған қоңыр дом­­быраның бүгінде халық қалау­лысы Нұрлан Дулатбеков­тің қолында екенін де айта кетуі­мізге болады. Әшімтай, Манар­бек, Аққыз, Мағауия сын­ды Тоқы­рауын мектебінің біре­гей түлектерін ел көлемінде, оның ішінде Қарағандыдағы өнер сыныптарында кең насихат­таға­нымыз дұрыс. Көшелерге аяу­лы есімдерін беріп, болашақ жас­тардың бойындағы өнерге, ұлтқа деген махаббатын оятудың ол да бір оңтайлы жолы дер едік.

Ала қапта туған күйдің аты да «Қайран елім» деп қайы­рылыпты. Ендеше, сол Аққыздар аңсап кеткен азаттық, қайран ел деп кеткен қайраткер өнер иелерін лайықты тұғырларына қондыру біздің бүгінгі бұлжымас парызымыз болса керек.