• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Маусым, 2020

Маман даярлау – маңызды мәселе

747 рет
көрсетілді

Қазір еліміз бойынша медицина мамандарының жетіспеуі үлкен мәселенің біріне айналып отыр. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасына да әсер ететіні белгілі. Мысалы, емханаға бардыңыз делік. Мекемеде сіз қаралатын дәрігер жоқ болғандықтан емханамен келісімшарт жасасқан орталықтың немесе жеке клиниканың қызметіне жүгінуге мәжбүр боласыз. Ал онда сіз сияқты жүздеген адам отырғанын көзге елестетіңіз. Әсіресе, үлкен кісілер үшін сағаттап кезек күтудің азабын айтып жату артық шығар.

Дәл қазір Қызылорда облысы тұр­ғындарына 2423 дәрігер, 9528 орта буынды маман медициналық қызмет көрсетеді. Сала жетекшілері бұл аздық ететінін айтады. Мысалы, 2018 жылдың 1 қаң­тарындағы мәлімет бойынша 205, келесі жылы дәл осы мерзімде 137 дәрігер жетіспеген. Ал 2020 жылдың 1 қаң­тарында маман тапшылығы 162-ге жетіп отыр.

Сала басшылығы бұрын елді­ ме­кенд­ерде жиі кездесетін маман жетіс­пеушілігі проблемасы соңғы жылдары облыс орталығындағы көпсалалы мамандандырылған медицина ұйым­дарында байқалып отырғанын айтады. Қазір тапшы дәрігерлердің 42,5 пайызы осы ұйымдарға тиесілі. Мамандықтар бойынша жіктегенде аймаққа 47 аймақ­тық дәрігер, 26 анестезиолог-реаниматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 балалар хирургі жетіспей тұр.

– Облыс әкімінің қолдауымен өңір­­де мамандар тапшылығын азайту мақсатында біршама бастама бар. Әлеу­меттік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша да біздің аймақтың рес­публикада алдыңғы қатарда екендігін атап өткен жөн. Жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген «Әлеуметтік кө­мек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» қағи­даларына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылдан бастап, медицина мамандықтары бойынша 62 резидент даярлау үшін облыс әкімінің гранты бөлінді. Қазір олар 8 жоғары медициналық білім беру орындарында оқуларын жалғастыруда. Осы жылы олардың 15-сі оқуын бітіріп келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсылық Әбдісәметов.

Бұдан бөлек, Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде 2018 жылы – 30, былтыр 40 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл шаралар аймақтағы денсаулық сақтау саласының салалық дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне сеп­тігін тигізіп отыр.

 2018 жылы облыстың медициналық ұйымдарында 130 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 68-і ауылдық елді мекендерге жолдама алыпты. Ал былтыр қабылданған 95 маманның 43-і ауыл дәрігері атанды. Осы жерде өткен жылы алғаш рет жас мамандардың жұмысқа орналасуы enbek.kz электронды пор­­талы арқылы жүргізілгенін айта ке­тейік. Әрине, жұмысқа орналасуда ашық­тық қағидатының болғаны құп­тар­лық құбылыс. Бірақ, портал арқылы жұмыс іздеген жастардың көпшілігі ин­фрақұрылымы дамыған ірі қалалардағы Ұлттық орталықтар мен емханаларды таң­дап, өңірлерде қызмет етуге ниетті ма­мандардың үлес салмағы күрт азайып кетті.

 Дегенмен, ауылдық жерлердегі ме­дицина ұйымдарында жұмысқа қа­былданған мамандарды мемлекет тарапынан қолдау бар. Оларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу­ға немесе салуға бюджеттік кредит бері­ліп келеді. «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар жер­гі­лікті бюджет қаражаты есебінен елді ­­мекендерге жол тартқан медицина және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеу­­меттік қолдау шараларын көрсете алады.

 Осыдан 2 жыл бұрын Байқоңыр қаласынан ашылған көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер тапшылығы байқалған еді. Ол мәселе жергілікті биліктің араласуымен шешімін тапты. Сол тұстағы облыс басшысының тапсырмасымен әлеуметтік сала қызмет­керлеріне арналып жаңадан салынған көпқабатты 5 тұрғын үйден 12 пәтер дәрігерлерге бөлінді. Осының арқасында қазір жұлдызды қалада сырттан келген 9 маман тұрақтап қалды. Ал облыс орталығындағы жас мамандар үшін мұндай жеңілдіктер жоқ.

– Дәрігерлер тапшылығы жергілікті биліктің назарында тұр. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, осы жылға өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы бөлу үшін жергілікті бюджеттен 25 млн 250 мың теңге қаржы қарас­тырылды, – дейді Жақсылық Әбіл­қасымұлы.

Өңірде маман тарту, оны тұрақтан­дыру бағытында осындай жұмыстар бар. Қазіргі бастамалар болашақта са­ла­ның білікті кадрларымен толығып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жақсара түсеріне сендіреді. Дегенмен де, медицинаның жыл сайын дамып келе жатқан сала екендігін ұмытпаған жөн. Сон­дықтан да ондағы кадр даярлауға, аймақ­тардың дәрігерлермен қамтылуына мемлекет жете мән беруі керек. Әйтпесе, маман тапшылығы үлкен мәселе болып қала бермек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА