• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2020

Қарағандыда әйгілі бапкерге құрмет көрсетілді

500 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында тұратын аты аңызға айналған тәлімгер, КСРО-ның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Леонид Рахымжанұлы Тілеубаев 70 жасқа толды. Карантин шектемегенде бокстың жілігін шағып, майын ішкен майталман маманның мерейтойы кеңінен аталып өтер еді...

Дегенмен, жетпіс жастың желкенін керген жаттықтырушыға санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің жағдайында шынайы құрметтің ишараты жасалды. Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев мерейтой иесіне "Құрметті спорт қайраткері" төсбелгісін, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің, облыстық және қалалық мәслихаттардың, Қарағанды қаласы әкімдігінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының "Алғыс хаттарын" табыс етті.

– Мен бақыттымын! Шынымды айтсам, бұл жетпіс жас деген қас қағымдай уақытта өте шықты. Мен әлі күнге дейін қатардан қалмағаныма қуаныштымын! – деп тебіренді мерейтой иесі.

Жасының жетпіске келгеніне қарамастан, Леонид Рахымжанұлы әлі күнге дейін балаларды жаттықтырады. Қазіргі уақытта "Бокстан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиялық мектебі" мекемесінде еңбек ететін ардагер бапкердің қарамағында қырыққа жуық бала бокстың қыр-сырын үйреніп жүр.

Леонид Тілеубаев 44 жыл бапкерлік еткен ғұмырында талай чемпиондардың тұсауын кесіп, томағасын сыпырған. Олардың қатарында Қарағанды бокс мектебінің даңқын күллі әлемге паш еткен Серік Нұрқазов, Бейбіт Есжанов, Дулат Боранқұлов сынды сайыпқырандардың есімін ерекше атауға болады.