• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2020

Көкшетауда "әдемі үйлер" көбейіп жатыр

466 рет
көрсетілді

Суреттер әдемі әрі әсерлі. Ең бастысы, көрген жанның көңіліне ой саларлық мазмұн бар. Тарихи суреттер тіпті тамаша. Жол бойындағы жолаушыға еліміздің өткенін, тағылымды тарихын меңзеп, дара тұлғалардың айрықша бітімі мен қасиетті кескінін көз алдына әкеліп, өміршең өнегені жырлап тұрғандай, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл суреттерді қала әкімдігінің тапсырысымен "Дизайн Сити" жарнамалық агенттігі әзірлеген. Тамыз айының соңына дейін 21 нысан осындай стрит арт деп аталатын композициялармен әрленеді.

Қазіргі уақытта 6 композицияның нобайы бекітілді. Екі нысанда сурет салынуда. Бірі – Абылайхан даңғылындағы тұрғын үй. Мұнда дизайнерлер ат үстіндегі Абылай ханды бейнелейді. Екінші нысан – Уәлиханов көшесінде. Ол жер көрнекті ғалым Шоқанның бейнесімен безендіріледі.

– Келесі 4 нысанда сақ стилі сияқты тарихи суреттер салынады.  Әзірге нақты қандай суреттер болатыны белгісіз, – дейді  "Дизайн сити" жарнамалық агенттігінің жетекшісі Олжас Әбуов.

Стрит-арт салуға он адам жұмылдырылған. Алдағы күндері олардың қатарына тағы бірнеше дизайнер қосылмақ. Ал қала тұрғындары тұрғын үйлердің тарихи суреттермен әрленетініне қуанышты.