Сәрсенбі күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев бұл Пан Ги Мунның Қазақстанға жасап отырған үшінші сапары екенін еске алды.
Алғашқы екі сапарды сіз Корея Республикасының Сыртқы істер министрі ретінде жасаған едіңіз, сондықтан да біз сізді жақсы білеміз, деді Қазақстан Президенті. Одан кейін Бас хатшының Арал мен Семей өңірлері сияқты экологиялық апат аймақтарына алаңдаушылық білдіріп, олардың жағдайын жақсартуға әлемдік ұйым назарын аударғаны үшін алғысын жеткізді. Сонымен бірге, Бас хатшының Орталық Азия мемлекеттерін аралап келгендігін айтып, көптеген ақпараттарға қаныққаны себепті оның түйген пікірлерін білген жөн екеніне назар аударды.
Жақын күндері Вашингтонда ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша жаһандық саммит болатынын еске алған Нұрсұлтан Назарбаев Пан Ги Мунның Семей өңіріне жасаған сапары сол жиынның тақырыбына дөп келетінін көлденең тартты, Бас хатшы осында ядролық сынақтың зардаптарын көзімен көргенін сол жиынның талқылауына салатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, 2010 жылдың 8 сәуірінде Прагада АҚШ пен Ресей Федерациясы президенттерінің өз елдеріндегі стратегиялық қаруларын шектеу туралы жаңа келісімге қол қоятынын қолдайтынын жеткізді. Кіріспе сөзінің соңында Президент Бас хатшының әлемде бейбітшілікті сақтау жөнінде атқарып жүрген еңбектеріне зор баға бере келіп, Қазақстан сізді өзінің досы санайды және әрқашан да құшағын жайып қарсы алады, деді.
Өзінің БҰҰ Бас хатшысы ретінде Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрғанын айтқан Пан Ги Мун мұнда үлкен құрмет пен жылылықты сезінгенін жеткізді. Тіпті бүгінгі ауа райы да жылымық тартып, біздің сапарымызды қолдап тұрғандай, деді ол. Одан әрі Бас хатшы өзінің Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағынан үлкен әсер алғанын мәлімдеді. Адамдардың ядролық қаруды сынаудан тартқан жапасын тіпті сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол жердің тұрғындары әлі күнге оның зардабын шегуде екен. Бұл адам қолымен жасалған айтары жоқ сұрапыл экологиялық апат. Осы апатты тоқтатып, өз қолыңызбен сынақ алаңын жапқан Сізге мен өз тарапымнан ризашылығымды білдіремін. Егер Сіз оны жаппаған болсаңыз, адамдар әлі де үлкен қасіреттер шеге беретін бе еді, қайтер еді, деген Бас хатшы Елбасына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны Қазақстан аумағынан шығартқаны үшін тағы да алғысын білдірді.
Одан әрі Пан Ги Мун Вашингтонда болатын ядролық қаруға қарсы саммитте оны өндіру мен таратуды тоқтату жөнінде талап қоюға Сіздің моральдық та, саяси да қақыңыз бар, сондай үндеуді көтеруге Н.Назарбаев қана бірден-бір лайық лидер, өйткені, қазақстандықтар ядролық қарудан ең ауыр зардап шексе, сол аждаһаны сынауды тоқтатқан адам Сізсіз, деді. Одан әрі ол ядролық қаруларды сынауға тыйым салу және оны таратпау жөніндегі келісімдердің сөзсіз орындалуы қажеттігін атап көрсетті. Осы қатарда Елбасының Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы бастамасын және оның орындалуын қадағалауға сіңіріп жүрген еңбектерін атады. Осындай бастама Солтүстік жартышардағы алғашқы бастама, деді Пан Ги Мун. Сонымен бірге, Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИКҰ төрағасы ретінде Таяу Шығыста да осындай бастама көтеруіне болатынын ауызға алды. Біз өз тарапымыздан оны қызу қолдар едік, деді Бас хатшы.
Бас хатшы келесі кезекте Арал теңізіндегі экологиялық апатты да ауызға алып, онымен де жақсы таныс екенін білдірді және теңіз бассейнінде тұратын халыққа халықаралық қорлардың көмегін бұрудың қажеттілігін, бұл іске ықпал етуге тырысатынын жеткізді. Бұл бір елдің немесе сол аймақтың ғана проблемасы емес, ол бүкіләлемдік экологиялық зардап, сондықтан оған көмек қолын созу біздің міндетіміз, деді Бас хатшы. Келіссөздер барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберіндегі Қазақстанның әрекеттері сөз болып, осы ұйымдардың БҰҰ-мен ынтымақтастығын арттыру туралы уағдаласылды.
Келіссөздерден кейін Президент Н.Назарбаев пен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун журналистер алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізді. Оны ашқан Елбасы Н.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бейбітшілікті сақтау жолында сіңірген зор еңбегі, әлеуметтік әділет пен жаһандық деңгейде тұрақты дамуды қамтамасыз еткені үшін және Арал мен Семей сияқты экологиялық апат аймақтарына барып, сол жерлердің проблемасына әлем назарын аударып, оларға көмек ұйымдастыруға ұмтылғаны үшін өзінің Жарлығымен бірінші дәрежелі “Достық” орденімен наградталатынын жариялап, қонақтың төсіне аталған орденді тақты.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады. Онда Елбасы өзінің Бас хатшымен өте жемісті келіссөздер жүргізгенін жариялады. Біз Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының барлық қырларын қамтыған мәселелер туралы пікір алыстық. Сондай-ақ ғаламдық проблемалар туралы өз пікірлерімізді ортаға салдық. Қазақстанның БҰҰ қызметін өте жоғары бағалайды. Оның осыдан 65 жыл бұрынғы жарияланған мақсаттары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай отыр, деп Бас хатшының қарусыздану үдерістері бағытындағы жұмысына жоғары баға берді. Одан әрі Президент осы сынақ аймағын жапқан 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысын былтырғы желтоқсан айында БҰҰ қолдағанын ризашылықпен атап өтті. Осы сынақтың зардабын 1,5 млн.-дай адам тартты.
Біз сіздің Қазақстанның ядролық қаруды жасау және таратпау бағытында жасаған әрекеттерін жоғары бағалайтыныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесімізді былтырғы жылдың желтоқсан айында АҚШ пен Ресей лидерлері де бірлесе жасаған мәлімдемелерінде атап өтті. Ядролық қарудан қатты зардап шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан басқа мемлекеттерді де одан бас тартуға үнемі шақырып отырады. Біз Пан Ги Мун мырзамен әлемдегі қауіпсіздік және ядролық қарусыздану мәселесін талқыладық, деді Президент. Және өзінің осы мәселеге арналған Вашингтондағы конференцияға қатысатынын қуаттады. Сондай-ақ мамыр айында Нью-Йоркте де осы мәселеге арналған конференция болатынын жеткізді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі бойынша пікір алмасқанда Бас хатшының Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын айта келіп, сол үшін оған өзінің ризашылығын білдірді. Одан әрі Ауғанстан мәселесі бойынша, онда бейбіт өмірді орнату проблемалары бойынша пікір алысылғаны айтылды. Бүгінгі күні біздің елімізде БҰҰ-ның 16 мекемесі, қорлары мен бағдарламалары жұмыс істейді. Біз олардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Ұйымның 2010-2015 жылдарға арналған бағдарламаларын іске асыруға біздің елде 79,6 млн. доллар жұмсалатын болады. Қазақстан Үкіметі де БҰҰ жобаларын қосарлана қаржыландыруға үлес қосады. Алдымыздағы жылдары осындай жеті жоба іске асырылмақшы, деді Қазақстан басшысы. Сөзінің соңында Президент БҰҰ Бас хатшысының сапарын ұйым мен біздің ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін тарихи оқиға ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді.
Пан Ги Мун өзінің сөзінде Қазақстан Президентіне және халқына қонақжай кең пейілі үшін ризашылығын білдірді. Одан әрі өзінің Семей өңіріндегі ядролық сынақ алаңынан алған әсерімен бөлісті. Бүгінгі күні ол жер ядролық қарудан азат әлемнің символы болуға лайықты, деді Бас хатшы. Солай деген мәртебелі мейман Н.Назарбаевқа адамзаттың жарқын болашағы үшін көтерген және көтеріп келе жатқан оң бастамаларына ризашылығын білдірді. Бұл жерде ол Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқандығын және Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы бастамаларын меңзеді. Америкада болатын ядролық қаруды жасау мен таратпауға қарсы конференцияда Сіздің бастамаларыңыз орынды бағаланар деген үміттемін, деді ол. БҰҰ мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық туралы айтқанда, ұйымның превентивті дипломатия туралы бастамаларының қолдау тапқанына алғысын жеткізді. Ауғанстан проблемасына байланысты сөз қозғағанда да Қазақстан бастамаларының маңыздылығына екпін түсірді. Аймақтық ынтымақтастық дамудың негізгі факторы болатынына мән берген Бас хатшы адам құқықтары мәселелеріне қатысты айтқанда, Қазақстанда онымен айналысатын ұйым қызметінің аймақтық филиалын ашу қажеттігі талқыланғанын, өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы естіген деректеріне тәнті болғанын жеткізді. Сөзінің соңында Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевты БҰҰ-ның қыркүйек айында болатын форумына шақырғанын айта келіп, өзінің қызметін жоғары бағалап, Қазақстанның үлкен марапатына ие болғаны үшін алғысын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ.