Сақ-сақ күлкі сахнаны көміп кетті. Өзімізге өте жақын, атадан балаға мирас төл күлкі, кең сахараны еркін жайлаған көшпелі жұрттың кешегі азат күлкісі, өнерге жөргегінен жарып туған текті ұлыстың табиғи таза күлкісі.
Иә, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі кеңк-кеңк күлкіні айтып отырмыз. Алайда бұл күлкі құбылыс Құрманбектің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан болып күлген әйгілі күлкісі емес, көбіне айтыла бермейтін, күлкісі түгілі сол күлкіні күлген өнерпаздың есімі жылымықтан кейін ғана жайлап естіле бастаған жарнамасы аз жұмбақ күлкі.
Бұл күлкі сол үлкен театрдағы салтанатты кешті ашқан ұлттық бояуы қанық, мысқыл, әжуадан ада қазақтың өзіне ғана тән ақжарқын алғашқы күлкісі болатын.
Демек, атышулы онкүндікте қазекем қарқылдап тұрып, Мәскеу төрінде екі мәрте күлген болып тұр ғой. Сол қос күлкі ғасырлар бойы езгіде келген елдің езуіндегі ыза-кек, басқыншыға шеккен дөңайбаттан кем соқпаса керек. Шын мәнінде, бұл оқиғаны бүгін ғана дүрілдеп айтып отырғанымыз болмаса, күні кешеге дейін қабырғамыз қақсап, сыбырлап айтудың өзі мұң еді...
* * *
Сәнді сахнаны сырнайымен сәндеп, сақ-сақ күлген кейіпкеріміз атақты ақын Тайжан-тұғын. Ақын Тайжан, кешегі сал-серілердің соңғы сарқыты, атақты Үкілі Ыбырайдың жиені, жазықсыз жала жабылып, отыз жетінің ойранында оққа ұшқан сері Тайжан! Керағар саясат небір асылдардың арманын көктей солдырған жоқ па?.. Сол қанды тізімнің ішінде Арқаның атақты Тайжан ақыны да көгенделіп кете барыпты.
Зобалаң әлгі сахнадағы сақ-сақ күлкіден кейін бір жылдан соң басталады. Сахнаның тұлпары, саясаттың құрбаны Тайжан ақынның өнерін мұртты көсемнің өзі бағалай отырып, кейін ату жазасына кесуін еш ақылға сыйғыза алмайсыз...
* * *
Жыр алыбы Жамбыл бастаған үш жүзге тарта кілең мықты жиылып келген қонақкәдеде ауылдың алты ауызын ақиық ақындардың ішінен үкімет басшыларының ақын Тайжанды таңдауы кездейсоқтық болмаса керек. Сырнайын құлаштап, әнге басқан Тайжан ақын, сол онкүндіктің шымылдығын түріп болып: – Әнім бар «Сақ-Сақ» деген баға жетпес, Әйгілі «Гәкку» әнге болар теңдес. Мәскеуде онкүндікте сахна ашып, Құрдас көсем Сталинмен болдым дәмдес, – деп аяқтапты.
Үш жүздің басын қосқан киелі Ұлытаудың қыраны, таланты талайға азық болған Тайжан Қалмағанбетұлының өмірі өнегеге толы десек қателеспейміз. Атақты Кенекең, Кенен Әзірбайұлының өзі «Тайжан – ақындар арасындағы тамаша талант иесі. Өзіне сай домбырасы, гармоны мен қобызы да қоса сөйлейтін. Әні мен әуені ерекше еді. Ағып айтатын, төгіп сөйлейтін» деп баға берген біртуар дарынға қазақ баласы қарыздар болсақ керек.
Тайжанның өнері талапайға түскен тар кезеңді әңгімелеудің өзі ауыр. Ақын туралы жазба деректерге үңілгенде оның Қарсақпай кентіндегі түрмеде қабырғаға жазып қалдырған өлеңдерін кейін сол бөлмеге қамалған тағы бір туысы жазып алып, өзі түрмеден босағасын жиналған жұрт ортасында әлгі өлеңдерді оқып отырғанда біреу қолынан жұлып алып, отқа салып жібергенін білесіз. Білесіз де тар қапасқа таңылған талант тағдырына кешірім сұрай кемсеңдейсіз... Келмеске кеткен өнер киесін іздеп боздайсыз...
Тайжан феномені туралы алғаш 1972 жылы жас талапкер филолог Шамқан Рахметов дипломдық жұмыс қорғапты. Бірегей тұлғаның көп мұрасы кері кеткен кесір қоғамның кеселінен келешекке кеңінен насихатталмай келді. Жалпы дәстүрлі ән өнеріне қосар Тайжан мектебінің тәбәрігі таудай. Оны сонау Сыр бойынан бері қарай жалғасқан Тайжан ақынның шәкірттері Нартай Бекежановтар бастаған үлкен өнерпаздар легі жалғап әкелді. «Арқадан Сыр еліне ескерткіш деп, Әнімді мен Нартайға тастап кеттім», деп батасын берген атақты Нартай Бекежанұлы Тайжанның төл шәкірті. Кейіннен ұстазы туралы, Нартай өзінің естелігінде: «Тайжан менің ұстазым, оны мен өмір бойы мақтан тұтам, оның әндері кең құлашты, кербез, нәзік лирикалық, терең сырлы, шырайлы шығармалар. Дауысы құлаққа қонымды, әуені әсерлі де мөлдір, үні асқақ, тыңдаушыларын әрдайым сүйсіндіріп отырады, ол менің пірім», деп атап өтеді. Бұл шәкірттің ұстазға арнаған шынайы ілтипаты еді.
Тайжан айтқан өлең-жырлар көбінесе ауызекі таралған. Тек Кәкімбек Салықовтың құрастыруымен «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы, кейіннен «Ақын Тайжан» атты кітабы шықты. Одан беріде Тайжан ақынның он бір әнін таспаға түсіріп, «Алтын кесе» деген жинақ шығарған, Тайжан мұрасын түбегейлі зерделеп жүрген қазақтың жезтаңдай әншісі, Жүсіпбек Елебековтің төл шәкірті – Ғалым Мұхамедин. Ұстазы Жүсекең шәкіртінің қолына жолдаманы табыстап тұрып: «Ғалым, айналайын, мен саған Арқаның сал-серілерінің әндерін қал-қадірімше үйреттім. Енді саған айтарым, ел ішінде әлі де талай әнші сазгерлердің аттары аталмай, айтылған жағдайдың өзінде, кеңінен қамтылмай жатқаны қаншама. Солардың бірі де бірегейі – ұлытаулық саңлақ әнші-сазгер, кешегі Үкілі Ыбырайдың туған жиені – ақын Тайжан. Ол кісінің әндері ұмытылуы мүмкін емес, елге барған соң Тайжекеңнің әндерін жинап жарыққа шығар», деп аманаттапты. Біз бүгінде сол Ғалекеңдер Тайжан шәкірттерінің соңы болмаса екен деп тілейміз. Жоғарыда атап кеткен «Алтын кесе» жинағындағы ескі әндерді нотасымен бірге мемлекеттік тапсырыс арқылы жарыққа шығарып, республиканың жоғары оқу орындарынан бастап, колледждерге таратуды қолға алу керек.
Тайжан ақынның мектебін тоқыратпау – біздің міндет. Бір өзі бір театр өнер саңлағының сан қырлы таланты жаңа ұрпаққа үлгі-өнеге екенін әсте есімізден шығармағанымыз жөн.
Тайжанның әндері жинақталған үнтабақтарды үйді-үйге таратып шықсақ та артықтық етпейді. Себебі ол әндерде қазақтың қатпар-қатпар қазына тарихынан бөлек, қаймағы бұзылмаған құнарлы тілі, сезім симфониясы, бай мәдени мұрасы менмұңдалайды.