• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Маусым, 2020

"Nur Otan" праймериз өткізу жөніндегі жедел желіні іске қосты

611 рет
көрсетілді

"Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында праймериз өткізу мәселелері бойынша арнайы жедел желінің іске қосылатынын хабарлады.

8 800 080 44 41 тегін нөмірі арқылы үміткерлер партияішілік іріктеуге қатысу үшін өтінімді қалай беруге болатындығы, онлайн-оқуға қатысу мүмкіндігі және т.б. праймеризге қатысты өздерін толғандырған сұрақтар бойынша хабарласа алады.

Онлайн-консультацияны komek@nurotan.kz электронды поштасы, 8 700 800 44 41 WhatsApp-нөмері, сондай-ақ Facebook (Халыққа Көмек) және Instargam (halykkakomek) желілері арқылы да алуға болады.

Айта кетейік, өткен аптада "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Партия сайтында жарияланған партияішілік іріктеу өткізу ережесіне сәйкес, праймериз өткізу арқылы "Мықты лидерлер - Мықты партия" қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін "әлеуметтік лифт" құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру көзделеді.

Өз кезегінде Саяси менеджмент мектебі праймеризге қатысушыларға арналған "Праймериз. Жария саясат. Депутаттың бейнесі қандай болуы керек?" деп аталатын оқу бағдарламасының басталатыны туралы хабарландыру жариялады.

Семинарларда белгілі саясаттанушылар, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, психологтар спикер ретінде сөз сөйлейді. Олардың ішінде Ермұхамет Ертісбаев, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Андрей Чеботарев, Саясат Нұрбек және басқалар бар.

Оқыту бағдарламасы онлайн режимде өтетін төрт модульден тұратындығы айтылды. Олар: партияішілік іріктеу-праймеризін іске асыру механизмі, праймеризді өткізудің халықаралық тәжірибесі, депутаттың биліктегі рөлі мен орны, депутаттың бейнесі, имидж және мінез-құлықтың тиімді үлгісін қалыптастыру, саяси шешендік.