• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Маусым, 2020

Алматы облысының агроөнеркәсіп кешені қанша адамды асырай алады?

1024 рет
көрсетілді

Дүниежүзін шарпыған пандемия әлем экономикасына салмақ түсіргені анық. Әсіресе өнеркәсіп саласы дағдарыс жағдайына дейін жеткені жасырын емес. Ал ішкі нарығы сыртқы өндіріске тәуелді ел үшін тіптен тәуекел сәті туды. Яғни, жұқпалы індет жағдайында дамудың жаңаша жолын қарастыру қажеттілігі де күн тәртібіне шықты, - деп жазады Egemen.kz

Басқа қырынан қарағанда, бұл өндірісті қайта құрылымдап, нарықтық экономика алаңындағы ойын заңын өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Қазір әлемнің экономистері де, тұтынушылары да азық-түлік өндірісі дамыған мемлекеттердің беделі артып тұрғанын айта бастады. Демек, осы жерде Қазақстанның агралы ел екенін тағы бір еске алып қойған артықтық етпейді. Әуелі, аймақтағы жұмысқа аз кем-шолу жасаудан бастайық. Мысалы, Жетісу аймағы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығының өрісі жыл сайын кеңейіп, өндіріс көлемі де ұлғайып келеді. Соңғы екі жылда облыстағы жалпы өнім көрсеткішінің қаржылай үлесі 2,5 есеге өсіп, былтыр таза таабыс 148 млрд теңгегеден асыпты. Биылғы меже өндірілген өнімнен түсетін пайданы 1 триллион теңгеге дейін жеткізу болып тұр. Оған толық негіз бар екен.

Жалпы, Алматы облысындағы агроөнеркәсіп кешеннің дамуын екі бағытта қарастыру керек. Әуелден жер емген диқандар елінде егін шаруашылығына баса көңіл бөлінетіні заңдылық. Қазір аймақтағы егістік көлемін ұлғайту ісі күн тәртібінде тұр. Әрі қазіргі заман талабы бос жатқан алқаптардың астын үстіне шығарып жыртып, уыстап дән себуді мүлдем көтермейтіні белгілі. Ғылымға негізделген дамудың маңызы зор. Осы тұрғыда Жетісу даласында айтуға тұрарлық жұмыс істелуде. Ауыл шаруашылығында тек көлем қуаламай, соңғы үлгідегі техникалық прогесстің қолданысқа енуі өнімді көбейтіп, шығынды азайтуға жол ашады екен. Біз бұған Панфилов ауданындағы "Көктал Агро" серіктестігінің тәжірибиесінен көріп, көз жеткізген едік. Шаруашылық жүгері өсіреді. Жалпы, бұл ауданды жүгерінің Отаны деуге болады. Шашақты дақыл өнімінің 33 пайызы Панфилов ауданының үлесінде. Ал өнім көбейіп, табыс артпаған жерде егіс көлемі ұлғая ма? Осы жерде егістікке жаңашылдық үрдісін енгізу қажетті күн тәртібіне шыққан. Қазір "Көктал Агроның" жүгері өсетін танаптарында цифрлы технология қолданылады. Яғни, суару жұмысы цирфлы жүйеде басқарылады екен. Жұмыс үдерісі кәдімгі ұялы телефонға қойылған қосымша арқылы қашықтан бақыланады. Ол үшін интернет байланысы ғана керек. Бастапқыда егіс алқаптарындағы телефон байланысының өзі қиын болыпты. Бірақ, шаруашылық бұл мәселені дежылдам шешкен. Қазір "Көктал Агроның" алқаптарында мобильді құрылғы жұмыс істеп тұр. Байланыс жақсы, интернет бар.

"Мына тамшылатып суғару әдісінің пайдасы көп екен. Өткен жылы бұған анық көз жеткіздік. Суды аз жұмсап, өнімді артық алуды білдік. Бұрын біз алқапты суғару үшін секундына 700 литрге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа шаруалар жүгерінің гектарынан 7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүрегіміз 18 бен 20 тоннаның арасында болды", - деген еді бізге "Көктал Агро" серіктестігінің басшысы Жәнібек Оханов.

Облыстың жекелеген шаруашылықтардағы жаңашылдық өңірдің аграрлық саласындағы жетістікке негіз болуда. Нәтижесінде егіс көлемі артты. Мысалға, биыл аймақтағы дән егілген алқаптардың көлемі 5 000 гектарға бірден ұлғайған. Оның ішінде жүгері егісі 61 пайызға, қант қызылшасы 75 пайызға, соя себу 91 пайызға дейін өсіпті. Әрине, бұл жерде егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға диқанның шамасы келе бермесі анық. Яғни, мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлген қаражатының қол жетімділігі мен қажеттілігі көлем мен өнімнің кепіліне айналуы тиіс. Облыста бұл бағытта ілгерлеу бар. Дерек бойынша  шаруашылықтарға биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін  42 миллиард теңге субсидия берілген. Бұған арзан бағадағы жанар-жағар май, тұқым, техникамен жабдықтау сияқты шығындар кіреді екен.  

"Облыс диқандары төтенше жағдай жағдайына қарамастан биылғы егіс жұмысын толықтай аяқтады. Біздің есебіміз бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 966,5 мың гектарға жетті. Ата пайтқанда, 109,6 мың гектар алқапқа күздік дақыл егілді. Оның 97 000 гектары бидай. Жалпы, облыста тұтынуға қажетті азық-түлік өнімінің біршама түрін өндіреді. Биыл да қамба толып, дайын өнімнің тапшылығы болмайд деге нсенімдеміз. Біздің алдымызда ішкі нарықты ауыл шарушлығы өнімімен толық қамтып қана қоймай, шетелге өнім жөнелту міндеті тұр. Қазір жетісулық шаруалар өндірген өнім көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан нарығынан өз орынын алды. Біз бұл елдерге негізінен жеміс-жидек, көкөніс, астық, майлы дақылдар, жүгері жөнелтуді жолға қойдық. Таяу жылда қант өнімімен Қазақстанды толық қамтып, сыртқы нарықты жаулаймыз деген нақты жоспар бар", - дейді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Ал агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды бағыттың бірі дайын өнім шығару екенін естен шығармауымыз керек. Бұл тұрғыда да Жетісуда біраз шаруа тындырылған екен. Жалпы, осы жерден ауыл шаруашылығының өрісі ұлғайған сайын жеңіл өнеркәсіптің де тынысы кеңейетінін көруге болады. Әсіресе, тамақ өнәркәсібін шикізатпен қамтудан дайын өнім шығаруға дейінгі аралықтағы үрдіс экономика мен әлеуметтік салаға да оң әсерін тигізетіні анық. Оны аймақтағы салық түсімдерінің артуы мен жұмыспен қамтудағы көрсеткіштердің шамасынан байқаймыз.

Бірер мысал келтірелік. Қолдағы дерекке қарасақ, Алматы облысында жыл басынан бері қаржылай құны 89,3 млрд теңге болатын азық-түлік өнімі өндіріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміен салыстырғанда 114,2 пайызға артық екен. Ал жалпы өнеркәсіптегі өңдеу секторындағы үлес 86,6 пайызға жетіп, республика бойынша үздік көрсеткішке қол жетті. Яғни, бұл тұтас Қазақстан аумағында шығарылған азық-түліктің 40 пайыздан астамы Алматы облысында дайындалған деген сөз. Ал өңірдің өнеркәсіп саласында мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оларда 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді.

Айтпақшы, облыс өнеркәсібінің өнімі ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, шетелге де шығып отыр екен. Экспорт географиясы да жыл сайын кеңейіп келеді.Мәселен, ет өңдейтін "Империя Фуд" кәсіпорыны Қытай, Иран елі нарығын игерді. "АзияАгроФуд" серіктестігі Қырғызстан мен Өзбекстанға ұн жеткізеді. Ал Жаркенттегі крахмал-сірне зауытының дайын өніміне  Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елінің нарығы тәуелді бола бастады. Кондитерлік өнім шығаратын "Хамле компании ЛТД" серіктестігі де Қырғызстан, Ресейге, Өзбекстан тұтынушыларына дайын өнім экспорттайды.

Тоқ етерін айтқанда, отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуы еліміздің әлемді айтпағанда, ЕАЭО аумағы азық-түлік өндірісіндегі басты ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндік береді. Оның ішінде  Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы драйверге айналуы тиіс. Демек, біздің диқандар еккен дәннің өнімі мен шопандар өсірген малдың еті өзімізді ғана емес, адамзаттың біраз бөлігін асырауға қызме тетуі тиіс. Оған ел ішінің қабілеті жетеді жетеді әрі негізі бар.  Мұның анық дәлелін біз жоғарыда Алматы облысында атқарылған істің мысалында айттық...

 

 

Алматы облысы