Швед академиясының былтырғы тарихта болмаған тосын шешімімен Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы польшалық қаламгер Ольга Токарчук (2018) пен аустриялық жазушы, драматург Петер Хандкеге бұйырған еді. Қызығы сол, бұл есімдерді әдеби букмекерлер тіпті болжамапты. «Алады-ау» дегенді алдырмайтын әйдік марапаттың биылғы жұлдыздары кімдер? Канадалық Энн Карсонның бағы жана ма, әлде ресейлік Людмила Улицкая ма? Бәлки, осы жолы Нобельден көп үмітті Мураками сұмдық қуанатын шығар...
Энн Карсон. Мың да тоғыз жүз елуінші жылы Торонтода өмірге келген Карсон британдық әдебиетші Кеннет Доверден сабақ алған. Поэзия мен эссеистикада сәтті жазып жүргендіктен, бүгінде оны ағылшынтілді оқырман тірі классикке балайды. Карсон Геродотты көп оқуға һәм еліктеп-солықтаудан тұра қашуға үндейді. Және әр жазушы delete пернесін қорықпай, рахаттана басу керек, дейді. Сөз-ақ.
Энн Карсонның атын шығарған – өлең түріндегі «Қызылдың автобиографиясы» («Автобиография красного») романы. Ал орыс оқырманына эсселері мен өлеңі арқылы танымал.
Мариз Конде. Бұл француз жазушысы романист қана емес, қоғам қайраткері ретінде де атақты. Ол, әсіресе әйелдер құлдығы тақырыбына жиі араласып, қаузап жүр. Конде кез келген зомбылық қоғамды құртып, моральдық шекараны түбегейлі жояды деп санайды.
Конденің «Мен Титуба, Салемнің мыстаны» («Я, Титуба, ведьма из Салема») атты романы орыс тілінде оқылып жүр. Бұл қаранәсілді күңнің Салемде өткен қасіретті оқиғасына құрылған.
Джан Сюэ. Лақап атымен танылған қытайлық қаламгердің шын аты Дэн Сяохуа. 80-жылдардан бастап оның шығармалары «Жэньминь вэнсюэ» және «Чжунго» беделді журналдарында жарияланған. Сьюзан Зонтаг Джан Сюэні Қытайдағы Нобель сыйлығына лайық жалғыз қаламгер деп бағалады. Ол АҚШ пен Еуропада Франц Кафканың дәстүрін жалғастырған автор ретінде аса танымал (былтыр оның романы Букер сыйлығының лонг-парағына енген). Ал Ресейде оның «Таудағы лашық» («Хижина в горах») атты бір ғана әңгімесі аударылған.
Харуки Мураками. Жапондық әйгілі қаламгерді бүгінде білмейтін адам жоқ шығар, сірә. Нобель сыйлығына бұрыннан үмітті Мураками бәрі-бәрінен марапатқа бір табан жақын жүрген автор. Еуропалық келбеттегі қоғамды жазатын ол жапон мәдениетінің шеңберінен шығып, батыстық стильде қаламын еркін сілтейді. Заманауи постмодернизм ағымында әйдік атанған Мураками осы күнге дейін 14 роман, 12 әңгімелер жинағы, балаларға арналған бір кітап һәм нон-фикшен жанрында бес шығарма жазды. Әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған автор шығармалары миллиондаған тиражбен басылып шықты. Бүгінгі оқырманның тілін тауып, талғамына сай жазатын Мураками жетпіс бірінде Нобель сыйлығын алып жатса, таңғалмаңыз.
Людмила Улицкая. «Руский Букер» сыйлығын алған тұңғыш әйел жазушы Улицкая 1992 жылы жарияланған «Сонечка» повесінен соң аса танымал болды. Кейін «Медея мен оның балалары» («Медея и ее дети») романы да қатты оқылды. Улицкаяның кейіпкерлері көбіне өзін өзі қамшылап, өзін өзі алға сүйреп отыратын адамдар. Ар сотының алдына жиі баратын кейіпкерлер. Тіпті кейде ұзақ үнсіздікте жүреді: мәңгілік сұрақтардың жауабын іздейді.
Өзіндік әңгімелеу мәнерімен ерекшеленетін ресейлік жазушы әлемнің 25 тіліне аударылған. Бүгінде Улицкая шығармашылықтан бөлек қоғамдық жұмыстармен де айналысып жүр.
Маргарет Этвуд. Канадалық ағылшынтілді жазушы, ақын, сыншы һәм феминист Этвуд алғашқы көлемді марапатты 1987 жылы антиутопиялық «Малайдың әңгімесі» («Рассказ служанки») атты романы үшін алған (бұл шығарманың желісімен 2017 жылы сериал түсірілген). Шығармашылық жолын 16 жасынан бастаған ол бүгінге дейін түрлі жанрда қалам тартты. Саяси һәм экологиялық тақырыптағы эсселерімен де көзге түсті. Табиғат-ананы қорғауда жазуымен белсенділік танытып жүрген Этвудтың да Нобельден үміті бар.
Джордж Р.Р.Мартин. Өткен жылы Нобель сыйлығына үміткерлердің тізіміне абайсызда қосылған Мартин «Мұз бен оттың әні» атты эпикалық циклымен атақты болған еді. Заманауи фантаст жазушы осыған дейін «Хьюго», «Небьюла» және «Локус» секілді көптеген әдеби сыйлықтарды иеленді. Мартин творчествосы жапондық һәм испандық сыншылардың қаламына да іліккен. Ал 2011 жылы Time журналы оны әлемдегі ең ықпалды адамдардың қатарына қосты. Егер Мартиннің қоғамдағы абыройын ескерсек, Нобель сыйлығын аяқасты алып кетуі де әбден мүмкін.
Біздің болжамымыздан бөлек,биылғы Нобель сыйлығына лайықты фантастика, фэнтези жанрындағы жазушылар да жиі ауызға алынып жүр. Әсіресе Нил Гейман, Стивен Кинг һәм Джоан Роулинг. Күзде жарияланатын қасиетті қағазда кімнің аты жазылып, кімнің бағы жанатынын кім білсін?! Дегенмен, соңғы уақытта әлемдік аренада жазушылық қуатымен көзге түсіп жүрген ақын-жазушыларды қадари-халімізше түгендеп, бағамдап көрдік. Ендігісі уақыт еншісінде...