• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2020

Павлодар облысының 14 ауылында интернет мүлдем жоқ

734 рет
көрсетілді

Биыл өңірдегі 53 елді мекен мобильді интернетпен қамтылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль тасымалы, көлік және байланыс бөлімінің басшысы Ермек Сәрсенбаев мәлім етті. 

Қазіргі уақытта облыстағы 358 ауылдық елді мекеннің барлығында телефон орнатылған, - дейді Ермек Сәрсенбаев. – Оның 344-і интернет желісіне қосылды. 14 ауылда мүлдем интернет жоқ. Ол ауылдардың көбінде адам саны 50-ден аз. Бұл ауылдарды интернетпен қамту үшін басқармамыз тұрақты түрде «Қазақтелеком» компаниясына және өзге де провайдерлерге ұсыныс жасауда. Алайда, олар адам саны аз болғандықтан ол ауылдарды интернетпен қамту коммерциялық жағынан тиімсіз деп санайды.

Интернетпен қамтылмаған 14 ауыл:

Баянауыл ауданында – Бүркітті, Қарашоқы, Мұрынтал, Белағаш, Біржанкөл, Қойтас, Александровка, Қызылшілік, Ақмектеп ауылдары; Железин ауданында – Екішоқ ауылы; Павлодар ауданында – Заозерное, Максимовка, Толыбай ауылдары; Шарбақты ауданында – Бозолан ауылы. Сондай-ақ Ермек Сәрсенбаевтың айтуынша, 358 елді мекеннің ішінде 28 ауылда ұялы байланыс жоқ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларымен («Казахтелеком» АҚ, «Kcell» АҚ, «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС, «КарТел» ЖШС) 2020 жылы 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарды ұялы байланыспен қамту жоспарын бекітті.

"Бұл келісім аясында Павлодар облысында 53 елді мекен ұялы байланыс және мобильді интернетпен қамтылады, - деді бөлім басшысы. – Оның ішіне ұялы байланысы жоқ 14 ауыл кіреді. Қалған ауылдарда бұрынғы ұялы байланыс жүйесі жаңғыртылады. Яғни, кейбір ауылдарда 2G, 3G байланысы болған. Енді 53 ауылға 4G енеді. Келесі кезеңде 50-ден 250-ге дейін тұрғыны бар ауылдарда 2020-2022 жылдары мобильді интернет тартылады. - Бұл кезеңде 72 ауыл мобильді интернетпен қамтылады", - деді Ермек Сәрсенбаев.

Оның ішіне мүлде интернеті жоқ 14 ауылдың тоғызы кіреді. Олар - Баянауылда Қызылшіліктен басқа 8 ауыл, Железиндегі Екішоқ ауылы. Айта кетейік, қалған мүлде интернеті жоқ 5 ауылға провайдерлермен спутниктік технология арқылы интернет тарту мәселесі қарастырылуда.