• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2020

Алматыдан Жидебай ауылына жаяу экспедиция шығады

849 рет
көрсетілді

Ертең, 12 маусымда Алматы қаласынан ақын Абай Құнанбайұлының туған жері Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жидебай ауылына дейінгі қашықтықты жаяу жүріп өту үшін арнайы еріктілер тобы экспедициясын бастайды.

Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі түбінен ту ұстап шығатын 4 адам 1200 шақырым қашықтықты еңсеруді мақсат етіп отыр. Күніне 40-50 шақырым жүріп отыру жоспарланған. Белгілеген межеге жету үшін оларға бір ай уақыт кетеді екен. Экспедицияның ең соңғы аялдамасы – Жидебай ауылындағы Абай мұражайы.

Алматы қаласынан бастау алатын саяхатта қала əкімі Бақытжан Сағынтаев өз қолымен еріктілерге елдің ту табыстайды. Саяхатшылар Абай мұражайына жеткен Абай ізімен ақын оқыған медреселер мен тұрған жерлерін аралайтын болады.

Жаяу жолға шыққандарды Дамир Күшеев бастап, оған Ермек Кұбашев, Данияр Балтабаев пен Даулет Күшеев (видео-фото оператор) қосылып отыр. Олар өздерінің жүріп өткен жолын арнайы видео жəне фото жазбалары арқылы Инстаграм əлеуметтік желісіндегі @damir_za_mir_almaty парақшасына жариялайтын болады.

Осылайша еріктілер ұлттың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын ұлықтай отырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған биылғы Еріктілер жылына соны серпін бермек.

Бір жағы "Абай жолы" жобасы жастарымыздың ел тарихына, мəдени жəдігерлеріне қызығушылығын көтеруді көздеді. Аталмыш шара Алматы қаласының əкімдігінің, сондай-ақ, республикалық жəне қалалық БАҚ өкілдерінің қолдауымен өтеді.

 

 

АЛМАТЫ