• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2020

Алматы көшелерінің 71 пайызы жарықпен қамтылған

564 рет
көрсетілді

Алматы қаласын дамыту орталығы Алматы қаласы цифрландыру басқармасымен бірлесіп қаланың сыртқы жарықтандыру жүйесіне талдау жүргізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының (ЭТИДБ) мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша қалада 116,7 мың жарық нүктесі (жарықдиодты шамдар – 42 пайыздан астам, натрий газразрядты шамдар – 40 пайыз, доғалы сынап люминесцентті шамдар – 18 пайыздан аз) орнатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда 20 пайызға артық. Сыртқы жарықтандыру желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 4 мың км. Алматының көше шамдарымен қамтамасыз етілуі 71 пайызды құрайды.

2019 жылдың басындағы жағдай бойынша Медеу (жалпы санының 15,8 пайыз) және Алатау (15,6 пайыз) аудандарында жарық нүктелері көбірек. Одан кейін Түрксіб (13,8 пайыз), Бостандық (13,7пайыз) және Алмалы (13,5 пайыз) аудандары. Сыртқы жарықтандырудың жалпы үлесінде 11,5 пайыз және 11,3 пайыз сәйкесінше Әуезов және Жетісу аудандарына тиесілі. Наурызбай ауданында көше жарығымен қамту көрсеткішінің төмендігі (4,8 пайыз) саяжай учаскелерінің, орман және шаруа қожалықтарының, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінің көп болуымен байланысты. Ауданның қалаға қосылғанына да көп бола қойған жоқ (2014 ж.), сондықтан жалпы қалалық орташа көрсеткішке жету үшін, оның ішінде жарықтандыру бойынша, белгілі бір уақыт қажет.

Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту 8 жылға арналған (2019-2026 жж.) МЖӘ жобасы аясында жүзеге асырылуда, оның әкімшісі «Алматы Қала Жарық» кәсіпорны болып табылады. 2018 жылы одан әрі жаңғырту үшін сыртқы жарықтандыру жүйесін паспорттау жүргізілді.

2019 жылдан 2023 жылға дейін Алматы көшелерінде 44 мың ескі шамды жарықдиодты түріне, сондай-ақ 42 мың тіректі ауыстыру жоспарланған. Мақсат – қаладағы көшені жарықтандыру жүйесінің электр энергияны тұтыну деңгейін кем дегенде 15 пайызға азайту.

2020 жылы көшелерді жаңғырту көбінесе орталық аудандардың негізгі магистральдарын қамтиды. Алайда біртіндеп қала шетіне назар аударылады. 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» бағдарламасы қаланың орталыққа жатпайтын аудандарын толық жарықтандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Осы кешенді жоспар аясында 2019 жылы қаланың орталыққа жатпайтын аудандарындағы бұрын жарықтандырылмаған 329 көшеде сыртқы жарықтандыру жүйесі салынды. 2020-2021 жж. қалған 2 024 көшені жарықтандыру міндеті қойылған.

ЭТИДБ тұрғындардың "Алматы Қала Жарық" диспетчерлік қызметіне немесе Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы түсетін өтініштерімен тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. 62 күн ішінде (01.12.2019 ж. бастап 31.01.2020 ж. дейін) Open Almaty арқылы (байланыс орталығы, әлеуметтік желілер, портал, фронт-офис)  тұрғындардан қаланы жарықтандыру бойынша 601 өтініш түсті. Оның ішінде 437 өтініш (73 пайыздан астамы) шамдардың жұмыс істемеуі мен жалпы жарықтандырудың болмауына қатысты. Шамдардың жанбай тұрғанына Бостандық ауданы, шамдардың болмауына Алатау ауданы тұрғындарынан  көбірек шағым түскен.   Сондай-ақ қала тұрғындары шамдардың күндіз жанып тұруы (пайызбен(6,2), жарықтың жеткіліксіз/күңгірт болуы (3,5), аулаларда жарықтың жоқтығы (3), шамдар жұмыс режимінің бұрыстығы мен дұрыс қосылмауы (1,3) туралы хабарлаған.