• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Маусым, 2020

Кашмирдегі қазақтар

5214 рет
көрсетілді

АҚШ-та жарық көретін "Нэйшнл джиографик мэгэзин" журналының 1954 жылғы  61-ші санында "Қазақтар азаттыққа қалай аттанды" дейтін мақала жарияланған. Оның авторы Милтон Дж. Кларк  деген американдық азамат. Осы мақаламен бірге қазақтар өмірінен түсірілген түрлі-түсті суреттер де берілген. Бажайлап қарасаңыз, суреттерден нағыз қазақы тұрмысты, этнографиялық өмір салты аңғарасыз. Суреттер Пәкстанның Сринагар қаласынан 90 шақырым жерде биік таудың аңғарында түсірілген. Сонда бұл қазақтар кімдер?

Бұлар кәдімгі атам заманнан қиыр қонып, шет жайлап жүретін Алтайдың Абақ керейлері. Алғаш 1930-шы жылдары Өр Алтайдан үркіп, қазіргі Шинжан өлкесінің оңтүстік-шығысына барады. Онда тұрақтап байыз таппай ақыры 1940 жылы дегенде Үндістан асып кеткендер. Марқұм Халифа Алтай атамыз осы көштің бел ортасында жүрген. Сол атамыз айтатын: "Алғаш Алтайдан көшкенде 36 мың адам едік, 1941 жылы Үндістанға осыдан 3039 тірі жеттік. Арада бір жыл өткенде жерсінбей 2000-ға тарта адам өліп кетті. 1942 жылы 1150 адам тірі қалдық. Содан 1946 жылға дейін бірде-бір әйел баласы құрсақ көтермеді. Тура жетінші жылы дегенде алғашқы бала туды".

Жоғардағы Сринагар қаласы Кашмир өлкесінің орталығы. Сол кезде Кашмир өлкесі Үндістан мен Пәкстан арасындағы даулы өңір болатын. Халқының көбі мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан алғаш Үндістанға өткен қазақтар осы өңірге ойысып келген. Оның бер жағында Кәшмирдің билеушісі Шейх Мұхамед Абдулла қазақтарды жерінен ауған "мұхажир" санап көп көмек көрсеткен.

Қазақтар осында 12 жыл тұрып, 1954 жылы Түркияға қоныс аударған.  Осы қазақтарға 1951 жылы жоғардағы американдық журналшы келіп, бір жыл бірге тұрады. Қазақтың тілін үйренеді. Кино түсіреді. Марқұм  Халифа атамыз: "Е, ол біздің Кларк емес пе!" сүйсініп айтып отырғанын талай естіген едік.

Суретке қарап отырып, осы қазақтарды дүниенің жартысын айналып, соның ішінде даланың қоңыр аңы да өте алмайтын атақты Такламақан шөлін басып өтіп, Гималайдан асып түскен. Жан баласы баспайтын Тибеттің Дуньхуан  өлкесіндегі Цзяньфодун  жартасын көктей өтіп, ұзындығы 1 миль үңгірдегі будданың мүсіндері мен фрескалық өрнектерін көрген. Артынан өкшелеп қуған жаудың әскерлерімен аянбай соғысып, 90 пайызы жолда қырылған бейбақтар деп айта аламыз ба?. Шындығында солай. Бірақ суретте көшпенді өмірдің салтанаты байқалып тұрған жоқ па?. Көп жылғы өмір мен өлім арпаласы қазақтардың сағын сындыра алмапты.

Бұрынрақта американдық журналшының мақаласын ұлтшыл азамат Сәбетқазы Ақатай марқұм өткен ғасырдың 90-шы жылдары қазақ тіліне аударып,   жарияламаққа ниет еткен көрінеді. Содан шағын үзінді ұсынған жөн болар: "...Мен Кашмир жазығындағы Сринагарда ата-бабалары 2 мың жыл Орталық Азияда көшіп жүрген ерекше халықтың өкілі ­– қазақтардың арасында бір жыл болдым. Қасіретті жорықтың қатақ сынын артқа тастаған қазақтар енді есжия бастаған секілді. Олардың дәулескер ауыз әдебиетін тыңдаған алғашқы американдық мен болармын. Бұл көшпенділер жаз шыға шаңы мен қапырығы ығыр қылған тастап жайлауға шықты. Кашмирлік арғымақтарын ертеп мінген олар (мені де ертіп алды) тауға шығып кетті. Бие байлап рахат өмірді бастап кетті..."

Милтон Дж. Кларк қазақтардың өмір тарихын зерттеумен ғана айналыспаған көрінеді. 1954 жылы бұлардың Түркияға көшуіне мұрындық болған. Тіпті 1953 жылы АҚШ-тың президенттігіне үміткер Адлай Е. Стевенсонды Сринагарға ертіп келіп, қазақтардың өмірімен таныстырған. Хасан Өралтай ағамыздың айтуынша Милтон Дж. Кларк АҚШ-тағы ЦРУ-дың қызметкері. Ол қазақтарды шынында коммунистік режимнің тепкісінен қашты ма, жоқ па дегенді анықтау үшін жіберілген адам дейді.

Қалай десекте бұл суреттер бүгінгі қазақ диаспорасының  тарихи құжаты ретінде қымбат. Жоғардағы діттеген жеріне жете алмай қаза тапқан немесе қаңғырып басқаларға қолды болып кеткен бейбақтардың сарқытындай тарихтан бізге жеткен тәбәрік.

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғардағы қазақтардың аласапыран өмірі жайлы: "Туған жерінен тыс бүкіл жер шарына шашырап өмір сүріп жатқан бес миллионға жуық қандастарымыздың қандай қайғылы да,  қорлықты жолдан өткенін бүгінгі көзі тірілердің ешқайсысы да өз деңгейінде барша қасірет қайғысымен бейнелеп бере алмайды. Өйткені, кейде құжат жетіспейді, кейде босқындардың тұтас көш керуенінің іздері белгі-бедерсіз тау шатқалдарына сіңіп, жоқ боп кетеді немесе мүрделері қазақ даласынан шалғайда атаусыз қалған" - деп, атап өтіпті. ("Тарих толқынында" Алматы, "Атамұра" 1999 жыл, 140-бет)

Шындығында қазақ тарихындағы аса бір елеулі оқиға түйелі көшпен "Гималай асқан» көшпенділер туралы соңғы жылдары бірнеше шығарма жарық көрді. Х. Алтайдың "Алтайдан ауған ел", Д. Жаналтайдың "Қилы заман – қиын күндер", Хасан Өралтайдың "Елім-айлап өткен өмір" кітаптарында егжейлі-тегіжейлі баяндалған.