• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2020

Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды

473 рет
көрсетілді

Облыс басшысы Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен кеңесте төтенше жағдай режимі мен карантин шаралары Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің игерілуіне қалай әсер еткені талқыланды, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың айтуынша, 2020 жылдың бес айының қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіп саласындағы өсім өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,2%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында өндіріс шамамен 2%-ға, ал құрылыс саласында 2,7%-ға артты.   

"Жылдың басынан бері негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 97,2 миллиард теңгені құрады", - деді экономика ведомствосының басшысы. Серпіннің төмендеуі екі секторда - ішкі сауда мен көлікте және қоймалауда байқалады. Жалпы, облыста қысқа мерзімді экономикалық индикатор 99,4%-ды құрап отыр.

Келесі төрт макроэкономикалық көрсеткіш тәуекел аймағына тап болып отыр: құрылыс жұмыстарының көлемі, инвестициялар көлемі, ішкі сауда, көлік және қоймалау секторы. Құрылыста олқылықтың орын алуына жол бермеу үшін Павлодар облысының әкімі жұмыс кестесін әр аудан мен жекелеген нысандар тұрғысынан анықтап, қадағалап отыруды тапсырды. Жағдайға оң әсер ететін тағы бір фактор - өңірдегі кәсіпорындарға барынша жүктеме беру.  

"Арнайы комиссия жергілікті өндіріс орындарын жүктеудің нақты тәртібін әзірлеуі керек. Сонымен қатар, облыстағы және республика ішіндегі кәсіпорындармен байланыс орнату керек", - деді Әбілқайыр Сқақов.

Сондай-ақ "Самұрық-Қазына", "Қазақстан темір жолы" және басқа да квазимемлекеттік сектордың компанияларымен байланыс орнату қажет. Ішкі нарық өзінің пайдасын барынша арттыруы керек, ал басты назарды қазақстандық қамтуға аудару керек.   Қаржылық тәртіпке келер болсақ, 2020 жылдың бес айында жоспар 17,1 млрд теңгені құраса, облыстық бюджеттің кірісі 17,2 млрд теңгені құрады. Қаржы басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, жоспардың асыра орындалуы жеке және корпоративтік табыс салығы, акциздер және мүлік салығы есебінен қамтамасыз етілді.  

"Негізгі факторлар – еңбекақыны арттыру, бересімен, салық салынатын базаны ұлғайтумен және салықтарды мерзімінен бұрын төлеумен жұмыс істеу", - деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Жалпы алғанда, 57 кіріс көзінен 78,2 миллион теңге сомасына алтауы ғана қамтамасыз етілмеген.   Облыстық қазынаның шығыс бөлігі туралы айтар болсақ, жоспар бойынша 123,1 млрд теңгенің 119,9 млрд теңгесі игерілді.

Әбілқайыр Сқақов бюджет қаражатын игерудегі ең бастысы - оларды ұтымды және тиімді пайдалану екенін атап өтті.

Өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысының тұрғындары әлеуметтік саладағы өзгерістерді көріп, тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымының жақсарғанын сезінулері керек.