Үндістанда бір тәулікте 11,5 мың адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Johns Hopkins University мәліметі бойынша, Үндістанда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 332 424-ке жетті. Осылайша бұл ел вирус жұқтырғандар саны көп әлемдегі төртінші елге айналды. Қазір мұнда 153 106 адам ем қабылдап жатыр. 169 797 адам індеттен айықты, 9520 науқас көз жұмды.
Науқастардың көпшілігі ел орталығындағы Махараштра штатында тіркелуде. Онда аурудың барлық жағдайларының үштен бір бөлігі, 107 858 науқас тіркелген.
Бұған дейін ел билігі вирус жұқтырғандар саны аз жерлерде карантин режимі біртіндеп жеңілдетілетінін айтқан еді. Осылайша 8 маусымда кей жерлерде ғибадатханалар, қонақ үйлер, мейрамханалар мен сауда орталықтарының қайта жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ал науқас саны көбейіп келе жатқан мекендерде карантин режимі 30 маусымға дейін ұзартылды.
ДДҰ мәліметіне сәйкес, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 8 миллионға жуықтады, 433 мыңнан астам адам қайтыс болды.