Түркістан облысының полицейлері Түлкібас ауданында қарасора егістігін жойды, - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне Түлкібас ауданына қарасты ауылдардың бірінде жергілікті тұрғын, өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысында Түркістан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп, аталған мекен-жай бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғының бау-бақшасынан егілген қарасора тапты.
Тінту барысында полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде құрамында есірткі заты бар бес түп өсімдікті тәркіледі. Күдікті өз әрекетін толық мойындай келе, өзі тұтынып қолдану үшін қарасора өсіргенін айтты.
Қазіргі уақытта есірткі егуді заңсыз өсіру жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам қолхатпен босатылды. Тергеу бүгінде істің барлық мән-жайын анықтайды.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Осы баптың санкциялары екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.