• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Маусым, 2020

Елорданың үйлеріне көгілдір отын енеді

508 рет
көрсетілді

Астанада алғашқы үйге газ кірді деген ақжолтай хабар әлеу­меттік желіні шарлап кетті. Кейіннен бұл үйге газдың әлі келмегенін, тек газ құбыры тартылғанын білдік. Алайда «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, көптен бері көгіл­дір отынды көксеген жұрт­тың тілеуі орындалатын күн де алыс емес. Осы жаздан қал­май газ тарату желілерімен қамтыл­ған үйлерге газ беріле бастайды.

Нұр-Сұлтан қаласына газ тарту жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін назарда ұстауды тапсырды.

Елордада газ тарату желілерінің құрылысын жүргізу бойынша бірінші кезеңдегі жұмыстар атқарылуда. Бір­қатар тұрғын алабында газ құбыр­­лары үйлердің іргесіне дейін тартылып қойған. Енді газдың нақты қашан­нан бастап берілетінін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұловтан сұрап білген едік.

– Бүгінгі таңда қалада екі үлкен газ тарату автоматтандырылған стансасы бар. Мұны «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасының аясында «ҚазТрансГаз» компаниясы сал­ған. Ішкі тарату желілерін салу әкім­дік­тің бақылауымен іске асырылып жатыр. «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агро­городок» тұрғын үй алаптары бойынша газ желілері түгелімен тартылды. Қазір сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл аудандарда газ реттегіш 4 станса орнатылған. Жоспар бойынша аталған тұрғын алаптарында шамамен 200 шақырым газ құбырын тарту қарастырылған. Қазір оның 70-тен аса шақырымы салынды. Енді алғашқы газды шілде-тамыз айларында беруді жоспарлап отырмыз. Яғни алғашқы үйлерге газ бере бастаймыз. Жалпы, аста­наға газ келіп тұр, – деді Мақсат Есмағұлов.

Оның айтуынша, жобаға сәйкес газ тарату желілері көше бойлап әрбір үйдің іргесіне дейін тартылады. Ал оны үйінің ішіне тұрғындар өздері тартқызады. Бұл үшін әрбір тұрғын «ҚазТрансГаз Аймақ» атты арнайы ме­ке­­меге барып, техникалық шарттар алуы керек. Сол шарт бойынша на­­рық­та арнайы лицензиясы бар ком­па­­ния­лармен келісімшартқа қол қойып, ішкі тарту желілерін жүргізуі керек. Үйді газ желілерімен жаб­дық­тау ша­мамен 100 мың теңгеден баста­лады екен.

Егер үйге қоса монша сияқ­ты басқа да нысандарға құбыр жүр­гізетін болса, сәйкесінше оның құны да көтеріледі. Содан соң газ құ­бы­­ры­­ның үйге қаншалықты дұрыс тар­­тыл­­ғанын «ҚазТрансГаз Аймақ» тек­­серіп, қабылдайды. Бәрі оңынан бол­са, тұ­тыну­шыларға газ беріле бастай­ды.

Бірінші кезекте 9 кешен бойынша газдандыру жүргізіледі. Оның 1-2 кешені бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газбен қамтылады. Қазір бұл нысандарға газ желілері түгелімен тартылған. Енді сынақтан сәтті өтсе, бұларға да шілде-тамыз айларында газ жіберіледі. 3-6 кешендерге жоғарыда көрсетілген «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» тұр­ғын үй алаптары жатады. Ал 7-9 кешендер бойынша «Оңтүстік-Шығыс», «Промышленный», «Же­лез­­но­дорожный» тұрғын алап­тары газбен қамтылады. Бұл қатар­да биылғы жылыту маусымына дейін «Промышленный» және «Железнодорожный» тұрғын алап­тарындағы жұмысты түгел аяқтау жоспарда тұр. «Оңтүстік-Шығыс» ауданына газ тарту келесі жылы аяқталады. Жалпы, бірінші кезеңдегі жұмыс алдағы жылы түгел орындалуы керек.

Екінші кезеңде «Мичурино», «Интер­национальный», «Күйген­жар», «Тельман», «Пригородный», Garden Village және Family Village, ал үшінші кезеңде «Ильинка», «Шұбар», «Өндіріс» газдандырылады. Бұл жобаны іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарды қамтиды.

Газ тарту желілері құрылысының біртіндеп біте бастағаны газдың осы жаздан қалмай алғашқы үйлерге берілетінін байқатады. Өйткені қала­ға газ келіп тұр. Осылайша қала­ көк түтіннің құрсауынан құты­латын сәт те жақындап келеді. Яғни зиянды қалдықтар 6 есеге, қатты заттар 40 мың тоннаға дейін азайып, елор­даның тынысы ашыла түседі.