• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Маусым, 2020

Бейжіңдегі вирус Уханнан шыққан вирустан қауіпті

485 рет
көрсетілді

Екі айға жуық коронавируске шалдығу оқиғасы тіркелмей, қалыпты өмір кешкен Қытайда індеттің қайта соғуымен Бейжің қаласында әскери тәртіп енгізілді.

11 маусым күні Қытайдан шетелге аттап баспаған, ешбір шетелдікпен араласпаған Бейжің тұрғынының вирус шырмауына түскені туралы алғашқы хабар тараған аз күннің ішінде ел астанасы Бейжіңмен одан 147 шақырым жердегі Хэбей  провинциясының 11 млн тұрғыны бар Баодин қаласында да әскери режим күшіне енді.

Бейжіңнің Фэнтай ауданында орналасқан аса ірі "Синьфади" базарында сатылған азық –түліктің бірінен, атап айтқанда Еуропадан мұздатылып жеткен ет өнімдерінен вирус жұққан деген  ұйғарыммен базар жабылып тексеріске алынады. Синдафиға келушілерден тест алып, ет пен балықты жәукемдеуде қолданылатын құралдарды тексере келе мұздатылған бекірені бөлетін тақтайдан вирус табылған. Ал 517 тұтынушының арасынан 45 адамда вирус барлығы анықталады. Осылайша  107 га жерді алып жатқан, тек астананы ғана емес, жақын маңайдағы қалаларды ет, балық, көкөніспен қамтамасыз етіп отырған "Синьфади" базары қауіп ошағы болып шыға келіп, онда жұмыс істейтін 10 мың адам коронавирусты анықтайтайтын тест тапсыруда.

Ал ауру адам тұратын  Бейжіңнің Сичэн аумағында спорт стадионы дереу жабдықталған зертханаға айналып, жақын маңайдың тұрғындарына ауруға тексеру жүргізілген. Мұнымен бірге "Синьфади" базарына 30 мамырдан бастап барған адамдардың бәріне 14 күн өз үйлерінен бір қадам сыртқа шығуға болмайтыны қатаң ескертілген екен.

Ухан Вирусология университетінің қызметкері Ян Чжаньцю Бейжіңде айналдырған төрт күннің ішінде 79 адамның ауруға шалдығуына қарап, бұл жолғы вирус Ухандағыдан жұқпалырақ деген  ойын айтыпты.

Джон Хопкинс университеті таратқан хабарламаға қарағанда 16 маусым күні әлем бойынша індетке шалдыққандар саны 8 млн асып, 188 елдің тұрғыны оның шарпуына ілінген.