Қазақстан футболында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Шымкенттің «Ордабасы» командасының ойынынан кейін қонақтардың бас жаттықтырушысы Виктор Пасулько өзінің аттас әріптесіне қатысты біраз әңгіменің басын бұрқыратты. Оның негізгі мазмұны матчтан кейін Кумыков бұған әдейі келіп тұрып, қол жұмсаған дегенге саяды. Ал матчтың 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілгені мәлім. Егер қарағандылықтардың бас бапкерін тыңдасақ, ол кездесуден кейін меймандар мінген автобусқа арнайы кіріп шыққанын жоққа шығармайды. Сонда бірі Ресейдің, екіншісі Украинаның өкілі болып табылатын екі жаттықтырушыға не жетпей жүр? Неге олар қырылып төбелескен?
Мұның жайын осы оқиғаға қатысты екі жақ екі түрлі баяндап береді.
Виктор Пасулько, «Ордабасы» клубының бас жаттықтырушысы:
-Бұл оқиға қонақтарға берілген автобустың ішінде болды. Іс жүзінде біз стадионнан кетіп бара жатыр едік. Ол салонға кіре салып: «Сен, Пасулько, ендігәрі менің командам туралы осындай сөз айтатын болсаң..», - деді де, екі жұдырығын бірдей ала жүгірді. Бораған боқтық сөздер де кетті. Маған қорғануға тура келді. Мен тіпті оның тұра ұмтылған сәтін де байқамай қалып, екінші орындыққа қарай сырғып түстім. Сол кезде жігіттерім келіп, арашалап алып қалды.
Өзін жәбірленуші санаған Виктор Пасулько сол бойда Қазақстан Футбол федерациясына шағым түсірді. Ол мұнда Виктор Кумыковтың өзінен көпшілік алдында кешірім сұрауын талап етіпті. Бірақ сол сәтте Кумыков жұмыстарымен шет елге кетіп қалған болып шықты. Соған қарамастан, ол өзінің ұялатындай ештеңе жасамағанын айтып үлгерді.
Қазір мамандар бұл екі жаттықтырушының арасы бұрыннан жақсы емес екенін айтып отыр. Ертеден келе жатқан сол қыжыл бір-ақ сәтте бұрқ етіп көтеріле кеткен сияқты. Бұл матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында да айқын аңғарылған. Олар осы шараның өзіне бірге келмепті. «Ордабасының» бас жаттықтырушысы сол жерде отырғанда да оншалықты бір ымырашылдық көрсете қоймаған көрінеді. Бұл оның мына мәлімдемелерінен де байқалады.
Виктор Пасулько, «Ордабасы» клубының бас жаттықтырушысы:
-Бүгінгі жеңіс «Шахтердің» еңбек сіңіруімен келген жоқ. Бұл команда футбол ойнай алмайды. Менің көзқарасымша, команда тура антифутбол ойнайды. Түсіндіңіздер ме? Командаға жұртқа ұнайтын футбол ойнауды сіңіру керек. Анадай пастар, доп беру, ауттан лақтыру емес керегі. Бүгін осылардың бәрі де болды. Бұған қоса, төреші жақтасып отырса, әрине, чемпион да болып кетерсің.
Жасыратыны жоқ, Пасульконың мынадай «пасынан» кейін Кумыковтың шыдап тұра алмағанын да түсінуге болады. Қанша дегенмен кавказдық қаны бар кабардин жігіті осыдан кейін ашынып кеткен сияқты. Бірақ ол ережеден тыс кетіп қалмағанын да айтып жатыр. Енді соны тыңдайық.
Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас жаттықтырушысы:
-Қайдағы қол жұмсаған? Егер мен мұны жасаған болсам, ол қазір бұлайша жұртпен сөйлесіп отыра алмас еді. Пасулько шыбыннан пілді көретін адам. Бәлкім, ол командасының қатарынан төртінші рет жеңіліп қалғанын жабу үшін жұрт назарын осылай қарай аударып жібергісі келген шығар. Мен солай ойлаймын. Бұл, шамасы, оның жаңа финті болса керек.
Чемпионаттың аяқталуына 2 тур ғана қалған қазіргі шақта «Шахтер» турнир кестесінің төртінші орнында келеді. Ал «Ордабасы» одан екі саты төменде. Бұл екі клуб Қазақстан чемпионатында осы кезге дейін бір-бірімен 32 рет кездесіп үлгеріпті. Соның 15-інде қарағандылықтар жеңсе, 8 ойында шымкенттіктер басым болған. Және әрбір жеңіліс сайын шымкенттіктер бапкері алаңдағы төрешінің үстінен шағым айтып отырған.
Ал мына даудың немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Бұрын-соңды болмаған бұл жанжалн Қазақстан футбол федерациясы да айрықша алаңдатып отырғанға ұқсайды. Федерацияның баспасөз хатшысы Измаил Бзаровтың айтуынша, екі жаққа да жағдайды түсіндіріп жазу туралы хат жіберілген. Ал мәселе жақын аралықта болатын федерацияның бақылау-тәртіп комиссиясында қаранйы аралмақшы.
Біз оның қорытындысы жайлы кезінде хабарлаймыз.
Руслан Игілік.