Бүгін Солтүстік Қазақстанның облыстық ауруханасында жаңадан сатып алынған жоғары сапалы, аса қымбат магнитті-резонансты томограф (МРТ) аппараты іске қосылды, - деп жазады Egemen.kz
Оның қойылып, жұмысқа қосылған шағын салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Өзінің Инстаграмдағы парақшасына ол: "Енді дәрігерлер осы заманғы жетілдірілген МРТ-ны пайдаланып, сапалы диагностикалар жасайтын болды. Жылдың аяғына дейін онкокологиялық диспансерге де осындай аппараттың үшіншісін қоятын боламыз. Бұлар кезекке тұру мерзімін азайтатын болады", деп жазды.
Солтүстік Қазақстан облысында медтехникалар сатып алуға 2018 жылы 636 млн, ал 2019 жылы бұл сома 3 есе көбейіп - 2,8 млрд теңгеге жеткен еді. Соның өзінде МРТ-ға кезекке тұрған адамдарды көріп, әкім бұл мәселені шұғыл шешуге кірісетінін айтқан. Сол сөз жерде қалмай биылғы жылы, қазірдің өзінде 2,4 млрд теңгеге техникалар сатып алынды. Мына сапалы медтехника соның бірі. Жылдың аяғына дейін биыл тағы екі МРТ, КТ, ангиограф пен маммограф, ультрадыбыстық зерттеу және жоғары сапалы рентген аппараттары сатып алынбақшы.
Облыста медициналық кадрлар мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Егер 2018 жылы жаңадан 56 дәрігер қабылданған болса, былтыр олардың саны екі есе өсіп, 108 маманға жеткен. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша жаңадан қабылданатын дәрігерлер саны 120 жас маманға жетеді деп болжанып отыр. Оның үстіне биыл денсаулық сақтау саласының 32 нысаны жөндеуден өткізіледі. Қалының "Береке" ықшам ауданында көпбейінді жаңа аурухананың да құрылысы басталды.
Солтүстік Қазақстан облысы